Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кепілдік берілген өтемді алуға қандай құжаттар керек?

Опубликовано:

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото: pixabay.com

Кез келген қазақстандық салымшы өзі сенім артқан банк төлем қабілетінен айырылған жағдайда қаражатты қайтарып алуға қатысты сұрақтарға назар аударатыны белгілі. Лицензиясынан айырылған банктердегі қаражатты қайтарудың арнайы жолы бар екенін біреу білсе, біреу білмей жатады. Бұл тұста Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен кепілдендірілген кез келген банктегі салымды оп-оңай қайтаруға болатынын білген жөн. Бүгінгі мақалада біз бұл үшін нақты қандай қадам керек екенін айтып береміз.

Сонымен барлығы артта қалды. Сіз сенім білдіріп, депозит ашқан банктің барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылғанына бір айға жуық уақыт өтті делік. Енді ол алдағы уақытта сот шешімімен мәжбүрлі түрде таратылады. Ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі - Қор) осы уақыт ішінде салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу үшін конкурс арқылы агент банкті таңдап, онымен белгілі бір мерзімге агенттік келісім жасады. Салымшыларға кепілдік берілген өтемді Қордың атынан және есебінен қандай банктің төлейтіндігі белгілі болды. Өйткені төлемге қабілетсіз банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде Қор төлемдердің басталу күні, агент банктің тағайындалғандығы, оның мекенжайы мен төлем мерзімі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және өз сайтында қазақ және орыс тілдерінде ақпарат жариялады. Осы хабарландыру жарияланған күннен бастап бес жұмыс күні, яғни дәлірек айтар болсақ, төлемге қабілетсіз банк лицензиясынан айырылған күннен бастап барлығы 35 жұмыс күні ішінде агент банк салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлей бастады.

Енді сізге осы агент банктің жергілікті бөлімшесіне тиісті құжаттармен барып, өтініш беру ғана қалды. Егер барлық құжаттарыңыз дұрыс болса, бес жұмыс күні ішінде кепілдік берілген өтемге қол жеткізесіз. Бұл ретте банк қажет жағдайда сізден қосымша құжаттар талап етуі де мүмкін. Сондықтан бір барған жерге екі рет бармас үшін, қандай құжаттар керектігін алдын ала біліп алғаныңыз жөн.

Агент банктің бөлімшесіне келген салымшы немесе үшінші тұлға (өтініш беруші) арнайы нысан бойынша өтініш толтырады және жеке басын куәландыратын құжат ұсынады.

Салымшының мұрагері келіп өтініш берген жағдайда, нотариус куәландырған сенімхат пен мұрагерлік құқығы туралы куәлік қоса беріледі. Бұл жерде осы құжаттардың нотариус куәландырған немесе уәкілетті мемлекеттік органдар берген және солардың мөрімен куәландырылған көшірмелерін ұсынуға жол беріледі.

Агент банктің менеджері құжаттарды қабылдап, оларды мұқият зерделейді және депозиторлардың кепілдік берілген өтем сомасы көрсетілген тізіліміндегі деректермен салыстырады. Сонымен қатар бұған дейін салымшыға кепілдік берілген өтемнің төленген-төленбегенін тексереді.

Өтініште және ұсынылған құжаттардағы ақпарат кепілдік берілген өтемді төлеу туралы оң шешім қабылдауға жеткіліксіз болған жағдайда, қосымша құжаттар талап етілуі мүмкін. Мысалы: некеге тұруға байланысты тегі (фамилиясы) өзгерген жағдайда – неке қию туралы куәлік (ерлі-зайыптылық); тегі, аты және әкесінің аты басқа себептерге байланысты өзгерген жағдайда – тегі, аты және әкесінің аты өзгергені туралы азаматтардың хал актілерін тіркеу (АХАТ) органының берген куәлігі; жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда – Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары тарапынан берілетін жеке басын куәландыратын уақытша құжат; салымшының банк салымы шартында көрсетілген тұлға келіп өтініш берген жағдайда – жеке басын куәландыратын құжаттан басқа осы тұлғаның салым бойынша өзіне тиесілі өтемді алуы үшін банк салымы шартында көрсетілген жағдайдың туындауы; салымшы шетел азаматы болған жағдайда – осы шетел азаматының Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органы берген тіркеу куәлігі – ЖСН алғандығын растайтын құжат.

Егер барлық құжаттар дұрыс болса, агент банк кепілдік берілген өтемді алу құқығын растайтын соңғы құжат келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде кепілдік берілген өтемді төлейді.

Төлем кепілдік берілген өтемді төлеу туралы өтініште көрсетілген деректемелерге қарай жүзеге асырылады: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен беріледі, басқа банкке аударылады немесе осы банкте салымшының атына ашылған жаңа депозитке салынады.

Айтпақшы, салымшының бір банкте түрі мен валютасына қарай кепілдік берілген бірнеше депозиті бар болса, агент банк олар бойынша кепілдік берілген ең жоғары сомадан аспайтын көлемде жиынтық өтем төлейді.

Егер салымшы немесе үшінші тұлға кепілдік берілген өтемнің сомасымен келіспесе немесе басқа да даулы мәселе туындаса, агент банк оған қосымша құжаттар ұсынуға немесе лицензиясынан айырылған банктің уақытша әкімшілігіне немесе тарату комиссиясына жүгінуге кеңес береді. Даулы мәселені шешу мүмкін болмаған жағдайда, агент банк сол күні Қорға жүгінеді. Ал Қор (уақытша әкімшілікпен немесе тарату комиссиясымен өзара әрекеттесе отырып) оған құжаттар келіп түскеннен бастап бес жұмыс күні ішінде агент банкке салымшыға тиесілі соманы төлеу керектігі немесе себебін көрсете отырып, төлеуден бас тарту не болмаса қосымша құжаттар беру қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Егер қайта өтініш беруге негіз бар болса, салымшы кепілдік берілген өтемді төлеу туралы қайта өтініш бере алады.

Егер кәмелетке толмаған, он төрт жасқа әлі жетпеген салымшының атынан үшінші тұлға өтініш берген жағдайда, баланың туу туралы куәлігін, қажет болса бала асырап алу туралы құжаттарды, баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру (патронат түріндегі қамқоршылық) туралы патронатты ата-ана мен қорғаншылық және қамқоршылық органы арасында жасалған шартты, қорғаншылықты (қамқоршылықты) бекіту туралы қорғаншылық және қамқоршылық органы берген куәлікті ұсынады.

Егер өз атына банк шоты немесе салымы ашылған, кәмелетке толмаған, он төрт жасқа жеткен салымшы кепілдік берілген өтемді алуға келсе, өтініш және жеке басын куәландыратын құжаттан басқа, заңды өкілінің жазбаша келісімін ұсынады.

Кепілдік берілген өтемді алуға бір мұрагер жүгініп, кепілдік берілген өтемдерді алу туралы басқа мұрагерлердің атынан сенімхат немесе нотариус куәландырған арнайы келісімді ұсынатын болса, оған кепілдік берілген өтем тізімде көрсетілгеніндей толық көлемде төленеді.

Азаматтығын ауыстырған немесе жоғалтқан салымшы не болмаса үшінші тұлға өтем алуға өтініш берген жағдайда, шетелдік төлқұжатын, азаматтығын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары берген анықтаманы немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігін ұсынады; салымшының немесе өтініш беруші үшінші тұлғаның атынан өтініш берген өкіл – шетел азаматы болған жағдайда, нотариат куәландырған сенімхат қоса беріледі. Бұл ретте сенімхатқа апостиль қойылады немесе ол консулдық заңдастыруға жатады.

Егер сенімхаттың апостилі шет тілінде рәсімделген болса, салымшының өкілі сенімхатты апостильмен ұсынады және оның мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылған әрі нотариус арқылы куәландырылған нұсқасы ұсынылады.

Дара кәсіпкер болып табылатын салымшы өтініш берген жағдайда, агент банк оның атында жеке тұлға және дара кәсіпкер ретінде банк шоттарының бары-жоғын тексереді. Бар болған жағдайда барлық шоттары бойынша кепілдік берілген шекті сомадан аспайтын мөлшерде кепілдік берілген өтем төлейді.

Қорға агент банктің агенттік келісім бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындамауы немесе жеткілікті орындамауы, өтемді төлеуден бас тартуы немесе төлем мерзімін бұзғаны туралы салымшылар мен олардың орнына өтініш берген үшінші тұлғалардан арыз түскен жағдайда, Қор агент банктен түсініктеме талап етуге құқылы. Мұндай әрекеттердің орын алғандығы расталатын болса, Қор оны жоюды, айыппұл төлеуді, сондай-ақ келтірілген залалды өтеуді талап етеді. Ал егер агент банк тарапынан елеулі түрде бұзушылықтар орын алса, Қордың бастамасымен агенттік келісім күшін жоюы мүмкін.

Агент банкте және Қорда құжаттарды қарау және өтем төлеу рәсімі бірдей.

Сөз соңында еске сала кетелік, биылғы жылдың 18 қыркүйегінде «Tengri Bank» АҚ Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімімен барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған болатын. Сол күннен бастап Қор оның 36,6 мың депозиторына кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу бойынша жалпы сомасы 17,7 млрд теңгеге өзiне мiндеттеме қабылдады. Көп ұзамай, Қор филиалдық желісі мен инфрақұрылымы дамыған, қаржы жағынан орнықты банктер арасынан «Еуразиялық банк» АҚ-ты агент банк ретінде таңдап алды. Соған сәйкес Қор мен аталмыш банк арасында агенттік келісім жасалды.

Осылайша 2020 жылдың 30 қыркүйегінен бастап Еуразиялық банк Қордың атынан және есебінен «Tengri Bank» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем төлей бастады.

2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша төлем алуға барлығы 5 634 адам өтініш берген. Оларға 16,1 млрд теңгеден астам өтем төленді. Бұл Қордың міндеттемелерінің жалпы сомасының 91 пайызын құрайды. Алайда өтем алуға өтініш бергендердің саны көп емес, ол салымшылардың жалпы санының 15,4 пайызына ғана тең. Оған себеп, «Tengri Bank» АҚ салымшыларының басым бөлігінің депозиттеріндегі, банк шоттары мен карточкларындағы ақшаларының көлемі жоғары емес. Өкінішке қарай, мұндай салымшылар өтем алуға асықпайды. Қор осыған байланысты тағы да «Tengri Bank» АҚ салымшыларына Еуразиялық банктің жеке тұлғаларға қызмет көрсететін бөлімшелеріне төлем алуға өтініш беруге кеңес береді.

Салымшылар кепілдік берілген өтем алудың өздеріне ыңғайлы кез келген тәсілін: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, ақшаны агент банктегі банк шотына аудару немесе кез келген басқа банк арқылы алуды таңдауға құқылы. Сонымен қатар агент банктің карточка шығару және оны тегін жеткізуге өтініш беру арқылы төлемді қашықтан алу опциясын пайдалануға мүмкіндік бар.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, агент банкке жүгінген кезде салымшы жеке басын куәландыратын құжат ұсынып, төлем алуға өтініш толтырады. Өзіне тиісті сенімхат рәсімделген басқа адам салымшының орнына өтініш бере алады.

Еуразиялық банк сайтынан кепілдік берілген өтем сомаларын және бөлімшелерге клиенттердің келу қарқыны қандай екендігін онлайн-сервис арқылы алдын ала тексеріп, агент банкке келуді жоспарлауға болады. Сондай-ақ агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары, сондай-ақ олардың жұмыс тәртібі www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді. Өтініш беру мерзімі – 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1887907-kepildik-berilgen-temdi-aluga-kandaj-kzattar-kerek/

pixel