Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екінші деңгейдегі банк лицензиясынан айырылған жағдайда не істеу керек?

Опубликовано:

Иллюстративное фото "Деньги"
Фото: NUR.KZ

Қазіргі нарық заманында банктердің лицензиясынан айырылып, қаншама халықтың қаражатын қайтара алмай қалуы сынды жайттар таңсық емес. Сондықтан әрбір салымшы өз қаражатын сенімді қаржы ұйымдарына табыстауға тырысады. Екінші деңгейдегі банк лицензиясынан айырылған жағдайда не істеу керек және қазақстандық салымшылардың құқығын кім қорғайды? Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қызметі мен рөлі қандай? Осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабын материалдан оқыңыз.

Нарық тегеуріндері

Нарық заманында кейбір банктердің банкротқа ұшырап жататыны қалыпты құбылыс. Дегенмен, төлем қабілетінен айырылған банктің көптеген салымшылары бастапқыда не істерін білмей, абдырап қалып жатады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан күні бүгінге дейін елімізде бірқатар банктер лицензиясынан айырылып, таратылғаны белгілі. Қаржы дағдарысының тегеурінді толқындарына төтеп бере алмай, «Менмін» деген талай банк тоқырауға ұшырап, таратылып кете барды. «Көмір банк», «Наурыз банк», «Валют-Транзит Банк», «Астана банкі»... айта берсе жетеді.

Бірақ үрей шақыруға ешқандай негіз жоқ. Неге дейсіз ғой, қадірлі оқырман?

Банк секторының тұрақтылығын арттыру жолында

Екінші деңгейдегі банктегі салымдардың сақталуына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі - Қор) кепілдік береді. Қор 1999 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша құрылған болатын. Сөйтіп ол банк салымшыларының мүдделерін қорғау бойынша өз қызметін жүзеге асыра бастады. Алдына қойған мақсаты – отандық қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысу және екінші деңгейдегі банктердің салымшылары – жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Бүгінде Қор өзіне жүктелген қызметтерді ойдағыдай атқарып келеді. Олардың негізгілерін атап айтар болсақ: заң талаптарына сәйкес барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған банк салымшыларына кепiлдiк берiлген өтем төлейдi; депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы банктердiң тiзiлiмiн жүргiзедi; активтерін инвестициялайды; кепiлдiк берiлген өтемдi төлеуге арналған арнайы резерв қалыптастырады; лицензиясынан айырылған банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысады, конкурстық негiзде агент банктi таңдайды; қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргiзу лицензиясынан айыру кезеңiнде тағайындалатын уақытша әкiмшiлiктiң құрамына, сондай-ақ мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктiң тарату комиссиясы мен кредиторлар комитетiнiң құрамына қатысады.

Елімізде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатын екінші деңгейдегі банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда Қор оның салымшылар алдындағы міндеттемелерін өз жауапкершілігіне алады. Сөйтіп депозиттер бойынша кепілдік берілген сомаларды өтейді. Әрине, кепілдік берілген сома белгілі бір шектен аспайды. Кепілдік берілген шекті соманың көлемі салымыңыздың түрі мен валютасына тікелей байланысты. Дәлірек бұл сома:

  • шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
  • жинақ салымнан басқа, теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, төлем карточкалары мен банк шоттары бойынша – 10 миллион теңгеден;
  • теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды.

Егер бір банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозитіңіз бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге. Әрине, Қор ақшаңызды банк лицензиясынан айырылған күні есептелген сыйақымен бірге төлейді. Ал шетел валютасындағы салымдардың өтем ақшасы банк лицензиясынан айырылған күнгі айырбас бағамы бойынша теңгемен есептеледі. Бұдан басқа салымшы бір емес бiрнеше банкте депозиттер ашқан жағдайда кепiлдiк берiлген өтем әрбiр банк бойынша жеке-жеке төленеді.

Егер банктегі депозитіңізде кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшаңыз болса, ол таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен қаражат есебінен өтеледі. Бұл міндеттеме банктің тарату комиссиясына жүктеледі. Сәйкесінше осы тарату комиссиясына өтініш беру қажет болады. Комиссия банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні тағайындалады.

Өтініш беру тәртібі, мерзімі, байланыс телефондары мен мекенжай бойынша деректер лицензиясынан айырылған банк пен Қор сайтында жарияланады. Ал тарату комиссиясы банк филиалдары орналасқан мекенжайларда орналасады. Кепілдік берілген сомадан артық ақша кезекпен беріледі. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңы бойынша салымшылар артық ақшаларын төртінші кезекпен алады.

Сіз бұл мәліметтермен хабардар болуыңыз да мүмкін. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы тұрақты түрде айтылып та, жазылып та жатыр. Қор сайтында да толыққанды берілген. Бірақ тәуекелсіз тірлік жоқ. Сіз таңдаған сенімді банк қиын жағдайға душар болуы ғажап емес. Оған қашанда дайын болу керек.

Банк қандай жағдайда банкрот деп танылады?

Банкті тарату, оның iшiнде банкроттық негiзі бойынша тарату «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Соған сәйкес банктiң төлем қабiлетсiздiгi пруденциалдық нормативтердi және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi, есеп айырысу әдiстемелерiн, банк капиталының мөлшерiн сақтамағандығы салдарынан туындайды.

Осылайша өзіне жүктелген ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды орындау мерзімі басталған сәттен бастап үш және одан да көп ай ішінде орындай алмаса, банк төлемге қабілетсіз деп танылады. Сәйкесінше ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырады. Төлемге қабілетсіз банктің басшылығы және басқа да қызметкерлері еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан шеттетіледі. Агенттік банктің уақытша әкімшілігін тағайындайды. Оның құрамына осы Агенттік пен Қор өкілдері және лицензиясынан айырылған банктің кейбір қызметкерлері қабылданады.

Үмітке толы – 35 күн

Төлемге қабілетсіз банк салымшыларының кепілдік берілген өтемді қалай алатындығы осы банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күні ішінде шешіледі.

Айта кетелік, бұған дейін салымшылардың кепілдік берілген өтемді алу мерзімі (сақтандыру уақиғасы туындағанға дейінгі, яғни банктің салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмауына байланысты депозиттердегі ақшалар қолжетімсіз болып қалған кезеңді есепке алмағанның өзінде) бірнеше айға созылатын. Ал сот шешіміне шағым түсірілген жағдайда бұл мерзім әрі қарай ұзартылады. Соның себебінен Қордың өтем төлеу міндеттемесі кейінге қалдырылады. Мысалы, кезінде кепілдік берілген өтемді алу «Қазинвестбанк» АҚ салымшылары үшін – 14 айға, «Delta Bank» АҚ салымшылары үшін – 6 айға, «Qazaq Banki» АҚ салымшылары үшін – 4 айға созылғаны белгілі.

Мұндай ұзақ күту халықтың банк жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтіретіні анық. Сондықтан Қор 2019 жылы төлем мерзімін банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап емес, одан да ерте – банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған күннен бастап есептеуді ұсынды. Бұл ұсынысқа Қазақстанның Ұлттық Банкі қолдау көрсетті. Парламенттің қос палатасы бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп 2019 жылдың 4 шілдесінде ел Президенті тиісті заң жобасына қол қойды. Жаңа норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Сонымен кепілдікті жүзеге асырудың алғашқы жолы – жеке тұлғалардың депозиттерін басқа, істеп тұрған банкке аудару. Екінші жолы – ақшаны Қордың арнайы резерві есебінен төлеу. Енді осы екі сценарийді бөлек-бөлек қарап көрелік.

Бірінші жолы. Банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оның уақытша әкімшілігі банк активтерінің барлығы немесе бір бөлігін және міндеттемелерінің барлығы немесе бір бөлігін сатып алушы-банкке толық көлемде бір мезгілде өткізуі мүмкін. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін беру активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасасу арқылы, шартқа беру актісін қоса бере отырып жүзеге асырылады. Бұл үдеріс Агенттіктің мақұлдауымен жүзеге асырылады. Осы ретте банктің жеке тұлғалардың кепілдік берілген депозиттері бойынша міндеттемелері сатып алушы-банкке толық көлемде берілуі тиіс екендігін айта кеткен жөн.

Осылайша салымшылар өздеріне тиесілі ақшаны сатып алушы-банктен қолма-қол ақшамен алу, басқа банкке аудару немесе осы банкте жаңа депозитке салу құқығына ие болады. Бұл ақпарат әрине, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Айта кетелік, егер сатып алушы-банкке берілетін міндеттемелердің мөлшері төлемге қабілетсіз банк мүлкінің мөлшерінен асып кетсе, пайда болған айырманы Қор өзінің арнайы резерві қаражатының есебінен толтыруға міндетті.

Төлемге қабілетсіз банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде Агенттік төлемге қабілетсіз банктің қызметін мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінеді. Өйткені банк тек сот шешімімен ғана банкрот деп танылуы мүмкін. Банктi тарату, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша тарату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн сот тарату iсiн қозғайды. Агенттікке банктiң тарату комиссиясын құру жөнiнде мiндеттер жүктейдi. Сәйкесінше банктiң уақытша әкiмшiлiгi өз қызметiн тарату комиссиясы құрылғанға дейін жүзеге асырады. Кейін өз өкiлеттiгiн доғарып, банктiң құжаттары мен мүлкiн банктiң осы тарату комиссиясына өткізеді. Ал тарату комиссиясы одан әрі банк iстерiн аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысу шараларын жүзеге асырады.

Тағы да еске саламыз, кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшасын салымшылар төртінші кезекпен алады. Жалпы 10 кезек бар.

Екінші жолы. Төлемге қабілетсіз банкті сатып алатын банк табылмаса немесе Агенттік мұндай операцияны жүргізуден бас тартса, салымшылармен Қор есеп айырысады. Бұл ретте Қор кепiлдiк берiлген өтемдi банктер арасынан конкурстық негiзде таңдап алған агент банк арқылы төлейдi. Банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 25 жұмыс күні ішінде оның уақытша әкімшілігі банкті лицензиясынан айыру күніне қарай әзірленген депозиторлар тізілімі мен өтем ақшаның есебін Қорға тапсырады. Ал Қор оны агент-банкке береді. Ақша салымшылардың өтініш беруіне қарай төленеді. Салымшылар өтемді: қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе осы банкте жаңа депозитке салуға құқылы.

Төлемге қабілетсіз банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде Қор төлемдердің басталу күні, агент банктің тағайындалғандығы, оның мекенжайы мен төлем мерзімі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және өз сайтында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

Бұл ақпарат Агенттік пен агент банктің сайттарына да орналастырылады. Жалпы кепілдік берілген өтемді төлеу басталатын күн Қор хабарландыруды жариялаған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Агент банк арқылы төлеу мерзімі аяқталған соң өтініштерді тікелей немесе пошта арқылы Қорға, яғни оның Алматы қаласындағы бас кеңсесіне немесе Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігіне тапсыруға болады. Мекенжайлары:

  • Алматы қ., A25D6H8, Достық даңғылы, 136, 8 қабат;
  • Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104 кеңсе.

Айта кетелік, депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамаға сәйкес, Қордың салымшылар алдындағы мiндеттемелерi қатысушы банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң, бiрақ банк барлық банк операцияларын жүргiзуге арналған лицензиясынан айырылған күннен бастап кем дегенде бес жылдан кейiн тоқтатылады. Салымшылардың бұдан кейінгі өтініштері қабылданбайды.

Қалай болғанда да игілікті іске ақша жинаудың бірден-бір жолы - ол банк салымы болып қала бермек. Тек сенімді банкті таңдай біліңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1888552-ekinsi-degejdegi-bank-licenziasynan-ajyrylgan-zagdajda-ne-isteu-kerek/

pixel