Бүгін Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат басталады
Жарияланған күні:
Бүгін, 10 желтоқсанда кешкі сағат 18:00-ден бастап республика бойынша мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы алдындағы үгіт-насихат басталады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін үміткерлерді ұсыну және партиялық тізімдерді тіркеу шаралары атқарылды. Орталық сайлау комиссиясы барлық алты саяси партияға сайлауға қатысуға рұқсат берді.
Олар:
- Nur Otan партиясы;
- Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы;
- Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистер партиясы);
- "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
- "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы);
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).
"Адал" саяси партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттарының сайлауына қатыспайды. Себебі партияның филиалдары Оңтүстік Қазақстан облысы қайта ұйымдастырылғаннан кейін тіркеуден өтпеген.
2021 жылы 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де үгіт-насихат тоқтатылуы тиіс. Сол күн тыныштық күні болады. Ал 10 қаңтарда дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыстарды 12 сағаттың ішінде санап шығу қажет.
Ал орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде сайлаудың нәтижесін жариялайды. 7 пайыздық межеден асқан партиялар мәжіліске өтеді.
Айта кетейік, сайлау кезінде әрбір адам тұрғылықты жері бойынша дауыс береді. 1 қазандағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне 11 миллион 820 мың 318 қазақстандық енген.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы мәжіліс депутаттарының сайлауы өтетін күнді белгілеген болатын. Оған сәйкес мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы 10 қаңтар күні өтеді.
Сонымен қатар президент парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындауға қатысты үндеуін жариялаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1888750-bgin-kazakstanda-sajlaualdy-git-nasihat-bastalady/