Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депозиттерге кепілдік беру жүйесін жетілдіру

Опубликовано:

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ
Фото: «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ

Ақшалай салымдардың сенімді түрде сақталуы мәселесінің өзектілігі экономикалық тұрақсыз кезеңдерде арта түседі.

Салымшыларды негізінен банктің қаржылық орнықтылығы мен депозиттерді қорғау мәселелері алаңдатады.

Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі Қазақстанда 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Екі ислам банкін қоспағанда, қаржы реттегішінен лицензия алған барлық банктер осы жүйенің қатысушылары болып саналады.

Қазақстанда салымшылар қаражатының сенімділігі мен сақталуы қалай қамтамасыз етіліп жатқандығы туралы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев әңгімелеп берді.

Депозит бойынша кепілдік берілген өтем алуға кімдер құқылы?

Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне сәйкес, қатысушы банк лицензиясынан айырылған жағдайда жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер Қор кепілдігінің шекті сомасы мөлшерінде кепілдік берілген өтем ала алады.

Алайда банктен лицензияны қайтарып алу барлық жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеуге негіз болмайтынын айта кеткен жөн.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Банк салымшыларының мүдделерін қорғаудың екі нұсқасы бар:

- Бірінші нұсқа – жеке тұлғалардың депозиттерін басқа, жұмыс істеп тұрған банкке өткізу. Егер лицензиясынан айырылған банктің мүлкі жеткілікті деңгейде болса, онда уақытша әкімшілік банктің активтері мен міндеттемелерін, оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттерін басқа банкке өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда салымшылар сатып алушы банктің клиенттеріне айналады да, өз ақшаларына иелік ету мүмкіндігіне ие болады. Жеке тұлғалардың депозиттері басқа банкке толығымен өткізіледі. Салымшылардың ақшалары сатып алушы банктегі депозиттік шоттарға есепке алынып, әрі оларға қарай банк тарапынан қалыпты қызмет көрсетіледі.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұл шешімді қабылдауы үшін 20 жұмыс күніне дейін уақыт кетеді.

- Екінші нұсқасы - кепілдік берілген өтемдерді Қордың арнайы резервінен төлеу. Бұл қаржы ұйымының активтері мен міндеттемелерін басқа банкке өткізу мүмкін болмаған жағдайда қолға алынатын шара. Мұндай жағдайда Қор кепілдік берілген өтемді төлеу үшін байқау негізінде агент банкті таңдайды. Бұл қаржылық жағдайы тұрақты және кеңейтілген филиалдық желісі бар, жұмыс істеп тұрған банк болуы тиіс. Міне, осы банк өз бөлімшелерінде лицензиясынан айырылған банк салымшыларынан өтініштер қабылдап, касса арқылы төлемдер жасайды немесе ақшасыз төлемдерді жүзеге асырады. Әрине, ақша салымшылардың өтініштері бойынша беріледі».

Агент банкті таңдау, салымшылар тізілімін жасау секілді дайындық рәсімдеріне заң бойынша 15 жұмыс күні беріледі. Осылайша қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лицензиясынан айырылған банк салымшыларына 35 жұмыс күні ішінде кепілдік берілген өтем төлене бастайды.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ
Фото: «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ

Қор депозиттерден басқа тағы нені қорғайды?

Депозиттерге міндетті кепілдік беру объектілеріне банк шоттарында жатқан ұлттық және шетел валютасындағы депозиттер ғана емес, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар да жатады.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Көп жағдайда азаматтар шоты немесе жалақысы түсетін төлем картасы қай банкте болса, депозитті де сол банкте ашқанды жөн санайды. Осы шоттардың, төлем картасындағы ақшаның және депозиттердің барлығы кепілдік беру объектілеріне жатады.

Биыл өзгерістер болып, кепілдік берілген объектілердің тізімі кеңейтілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап депозит бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыға да Қор кепілдігі қолданылады. Ол депозиттегі ақшамен қатар кепілдік берілген шекті сома аясында төленеді. Бұған дейін, заңнамаға өзгерістер енгізілмей тұрғанда, тек капиталдандырылған, яғни депозиттегі ақшаға қосылған сыйақыға ғана кепілдік беріліп келді. Есептелген, бірақ капиталдандырылмаған сыйақыны алу үшін салымшылар банктің тарату комиссиясына жүгінуге мәжбүр болатын.

Мысалы, банк айдың ортасында лицензиясынан айырылатын болса, салымшылар сол айға төленетін сыйақының жартысын ала алмай қалатын. Ал жаңа өзгеріс бойынша Қор депозит бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақыны өтеуге мүмкіндік алды».

Бұл ретте кепілдік жеке тұлғалардың металл шоттарына, банк ұяшықтарында жатқан ақшалары мен бағалы заттарына, сондай-ақ депозиттік сертификаттарға, заңды тұлғалардың депозиттеріне және ислам банктеріндегі депозиттерге қолданылмайды.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Депозиттік сертификатқа қатысты мына жайтты түсіндіре кетсем. Қатысушы банктің жеке тұлғалардың теңгемен және шетел валютасында ашқан салымдары, сондай-ақ банк шоттары мен төлем карточкаларында жатқан ақшаларын қайтару бойынша міндеттемелері депозиттерге міндетті кепілдік беру нысандарына жатады. Ал депозиттік сертификат, атауына қарамастан, банк салымы болып есептелмейді. Ол эмиссиялық емес бағалы қағаз болып саналады. Депозиттік сертификат, оның иесіне белгіленген мерзім аяқталған соң, белгілі бір салым сомасы мен сертификатта көрсетілген пайызды алуға мүмкіндік береді. Депозиттік сертификатты рәсімдеу кезінде банкте шот ашылмайды. Сондықтан депозиттік сертификаттарға кепілдік күші жүрмейді.

Заңды тұлғалар өздерінің банк шоттарындағы ақшаларын қайтару бойынша банктің тарату комиссиясына өтініш берулері тиіс».

Төлемдердің мөлшерін арттыру

Кепілдік берілген төлемдер сомасы бүгінгі күні теңгелік жинақ депозиттері бойынша 15 млн теңгеге және ұлттық валютадағы өзге де салым түрлері бойынша 10 млн теңгеге тең. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік берілген шекті сома валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.

Егер салымшының бір банкте салымдардың түрі мен қандай валютада ашылғандығына қарай әртүрлі депозиттері бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге.

Бұл жағдайда кепілдік берілген өтем тек ұлттық валютада төленеді. Шетел валютасында ашылған салымдар бойынша өтемді Қор банк лицензиясынан айырылған күнгі валюта бағамы бойынша теңгемен есептеп төлейді.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Теңгемен сақталған депозиттер бойынша кепілдік берілетін өтемнің шекті сомасы 20 жыл ішінде бірнеше мәрте қаралған. Соңғы рет кепілдік сомасы 2018 жылы жинақ салымдарға қатысты 15 млн теңгеге дейін көбейтілді. Біз статистиканы бақылап, кепілдік сомасы жеткілікті екенін көріп отырмыз. Оның ағымдағы көлемі салымшылар шотының 99,8 пайызын толықтай қорғайды. Бұл кепілдік сомасынан асатын салымдар барлық депозиттердің тек 0,2 пайызын құрайды деген сөз. Әлемдік үздік тәжірибелердің қағидаларына сәйкес сақталуына кепілдік берілген соманың көлемі шектеулі болуы керек және салымшылардың басым бөлігінің ақшаларын толығымен қамтуы тиіс.

Кепілдік тиімділігінің тағы бір көрсеткіші – кепілдік берілген соманың Жалпы Ішкі Өнімнің халықтың жан басына шаққандағы көлеміне қатынасы. Әлемдік стандарт бойынша кепілдік берілген сома халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 1-2 еселенген мөлшерін құрайды. Қазақстанда теңгедегі жинақ депозиттер бойынша кепілдік берілген сома жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы мөлшерінен - 4,7 есе, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1,5 есе жоғары.

Сонымен бірге, бір салымшының шоттар мен салымдардағы сомасы қолданыстағы лимиттен асып кетпеуі үшін салымшы өз қаражатын әр түрлі банктерде сақтауына болатынын айта кеткен жөн деп санаймын. Бірнеше банкте сақталған депозиттерге әр банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі».

Кепілдік берілген өтемді төлеу үдерісін жеделдету

Бұған дейін Қор салымшыларға кепілдік берілген өтемді банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана төлей бастайтын. Бұған бірнеше ай кететін. Яғни, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ және «Астана банкі» АҚ салымшылары осынша уақыт күтуге мәжбүр болған.

Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімін жеделдетуге мүмкіндік беретін заң нормалары күшіне енді.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Жаңа заң ережелеріне сәйкес Қор сот шешімін күтпей-ақ кепілдік берілген өтемді төлеу міндеттемелерін өз жаупкершілігіне алады. Өтем төлеуді бастау мерзімі банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған күннен бастап есептеледі.

Жағдайдың жақсарғанын Tengri Bank мысалынан-ақ көруге болады. Мысалы, ескі жүйе бойынша өтем төлеуді бастау үшін соттың істі қарауын қоса есептегенде үш айға жуық уақыт кететін. Бірақ қазіргі күні біз салымшыларға төлемді өте аз уақыт ішінде, 8 жұмыс күні өткен соң төлей бастадық. Қор бұл үдерісті одан ары жеделдетіп, төлемді бастауға арналған дайындық уақытын тіптен азайтуды көздеп отыр. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде».

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ
Фото: «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ

Қазақстандықтардың ЕЭО аумағындағы банктердегі салымдарын қорғау

Әр мемлекет халықты ақшалай салымдарды жоғалтуға әкеп соғатын экономикалық тәуекелдерден қорғауға ұмтылады. Бұл үшін әр елде Депозиттерге кепілдік беру қоры сынды ұйымдар бар. Мәселен, Ресейде Салымдарды сақтандыру агенттігі жұмыс істейді.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттерде депозиттері бар қазақстандықтар сол елдердің заңнамасына сәйкес кепілдік алуға құқылы. Алайда 2025 жылға қарай қорғау деңгейі мен шарттарын теңдестіру үшін кепілдік беру мәселелері бойынша ЕЭО елдеріндегі заңнамаларды өзара үйлестіру жоспарланып отыр.

Қазақстандағы кепілдік берілген өтемақы сомасының көрсеткіші Беларусь Республикасын санамағанда (онда кепілдік сомасына шектеу қойылмаған), ЕЭО елдері арасында ең жоғары екенін айта кеткен жөн. Қазақстанда кепілдік берілген шекті соманың көлемі басқа елдерге қарағанда жоғары екендігін ескерер болсақ, ортақ нормаларға теңдестіру үдерісінде қиындықтар туындамауы керек.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қордың арнайы резервінің көлемі елдегі жалпы депозиттік базаның 5 пайызынан кем болмауы керек. Шын мәнінде бұл көрсеткіш 6,25 пайызға тең. Яғни салымдарға кепілдік берудің қазақтандық жүйесі тұрақты әрі тұрғындардың ақшалай қаражатының сақталуын қамтамасыз етеді. Ал Қордың резерві банктерді таратылуы бойынша тәуекелдерді жабуға жетеді.

Кей елдердің депозиттерге кепілдік беру (сақтандыру) жүйелері ұлттық валютадағы жинақтарды ынталандыруды көздейді. Бұл үшін мұндай елдерде шетелдік валютада сақталатын салымдарға арналған кепілдік көлемі төмендетіледі. Мұндай елдер қатарында Армения Республикасы мен Қазақстан бар».

ЕЭО аясындағы үйлестіру шаралары

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер 2025 жылға қарай қаржы нарығы саласындағы өз заңнамаларын өзара үйлестіруді жүзеге асыруды көздеп отыр. Нақтырақ айтқанда, үйлестіру жұмыстары салымдарды сақтандыру жүйелерін жасау және олардың жұмыс істеуі (салымдар бойынша төлем сомаларын қоса алғанда), кредиттік ұйымдардың банкротқа ұшырауы (оның ішінде қарыз беруші құқықтарын, қарыз берушілер талаптарын қанағаттандыру кезектілігін регламенттеу), таратылуы (оның ішінде мәжбүрлі түрде тарату) немесе оларды қайта құру, сондай-ақ қаржылық жағынан оңалту процедуралары мен салаларын қамтымақ.

Бұл тұста үйлестіру халықаралық қағидалар мен стандарттар немесе ең үздік халықаралық тәжірибе негізінде жүзеге асуы тиіс. Сондай-ақ үйлестіру деңгейі одаққа мүше елдердегі ең үздік стандарттар мен тәжірибелерден кем болмауы керек.

«ҚДКБҚ» АҚ төрағасы Әділ Өтембаев: «Қор қызметкерлері 2019 жылдың қазан айында құрылған Сараптамалық топтың Еуразиялық экономикалық одақ аумағында банк депозиттеріне кепілдік беру, кредиттік ұйымдардың банкротқа ұшырауы, таратылуы және оларды қаржылық жағынан оңалту саласындағы үйлестіру мәселелері бойынша жұмыстарына белсенді түрде қатысуда.

Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ) «Негізгі қағидаларына» сәйкес мемлекеттер кепілдік берілген өтемді беруді сақтандыру жағдайы туындаған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде бастауға ұмтылуы тиіс. Мәселен, Еуропалық одақ елдері қазірдің өзінде 2024 жылға қарай қолданыстағы заңнамада көрсетілген төлем жасау мерзімін 15 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне кезең-кезеңімен қысқартуды жоспарлап отыр.

Армения Республикасы да бұл мерзімді 2023 жылға қарай 15 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне дейін қысқартуды жоспарлауда. ЕЭО елдеріндегі жағдайға келер болсақ, Ресейде төлемді бастау мерзімі заңмен бекітілмеген, бірақ Салымдарды сақтандыру агенттігі 10 жұмыс күнін бағдар ретінде алады. Беларусь Республикасында төлемдер 14 жұмыс күні ішінде басталады. Қырғыз Республикасында төлемдерді жасау 30 күнтізбелік күн ішінде бастау белгіленген, бірақ бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін.

Қазақстанда биылғы жылдан бастап төлемдерді жасауды бастау мерзімі 35 жұмыс күніне тең. Бірақ, іс жүзінде төлемдер бұл мерзімнен ертерек жасалуы мүмкін. Tengri Bank мысалынан көріп отырғанымыздай, кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 8 жұмыс күнінен соң төлене бастады. Бұл қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қазірдің өзінде әлемнің ең үздік қағидаларын енгізуге көшуге дайын екенін көрсетіп отыр.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер экономикалық шекаралар ашылатын уақытқа қарай төлем жасай бастаудың 7 күндік мерзіміне қол жеткізу туралы алдын ала келісім жасасқан болатын. Үйлестіру үдерісі депозиттерге кепілдік беру жүйелерінің барлық аспектілерін қамтиды немесе қамтуы тиіс. Сондықтан басқа параметрлердің де өзгеруі әбден мүмкін. Яғни, салымшы, экономикалық одаққа мүше кез келген елде өз қаражатының бірдей деңгейде қорғалып, кепілдік алатындығына сенімді бола алады».

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1889214-depozitterge-kepildik-beru-zjesin-zetildiru/

pixel