Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетінде жариялаған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында мемлекеттік тілді білу Қазақстанның әрбір азаматының парызы екенін айтты деп хабарлайды Egemen.kz.

Тәуелсіздікке қол жеткізілген күннен бастап ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайдың жасалғанын алға тартқан Тоқаев осы күнге дейін қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны күн санап артып жатқанын атап өтті.

"Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, тілді меңгеру жолында балалар әдебиеті маңызды рөл атқарады. Сол себепті, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларымен қатар, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын қазақ тіліне аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алу қажет.

Тоқаев қазақ тілін білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті міндеті деп те айтуға болатынын алға тартуда.

"Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда "Ештен кеш жақсы" деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек", - деді мемлекет басшысы.

Президент ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз еместігін де атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасау жалғасын табады. Сондай-ақ, мақалада жастарға бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал екені де баса айтылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892221-tokaev-memlekettik-tildi-bilu-kazakstanny-rbir-azamatyny/