RU

Президент: Биліктегі азаматтар ұлттық мүддеге берік болуға тиіс

Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы "биліктегі азаматтар ең алдымен ұлттық мүддеге берік болу керек" деген пікірде. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында мәлімдеді деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның сөзінше, жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез-келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды, деді мемлекет басшысы.

Президент сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес екенін жасырған жоқ.

"Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Атың барда жер таны, желіп жүріп" деген сөз барын, кезінде Елбасы бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім және әкімшілік дағдыларына ие болғанын, өзі де білім қуып Мәскеуге сапар шегіп, өзге мемлекеттерде жұмыс істегенін есіне алады.

"Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру. Мысалы, әлемнің ең дамыған елдерінде өз кәсіптерін бастаған және алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағдай жасауымыз керек", - дейді мемлекет басшысы.

Ел президенті сонымен қатар дарынды жастардың бәрі шетелде жүрмегенін сөз етті. Оның сөзінше, ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады.

"Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892259-prezident-biliktegi-azamattar-lttyk-mddege-berik-boluga-tiis/