Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда парламент сайлауы қалай өтіп жатыр (фото)

Жарияланған күні:

жас сайлаушы
Фото: NUR.KZ

Бүгін Қазақстанда көптен күткен Парламент сайлауы өтіп жатыр. Алматыда сайлаудың алғашқы сағаттары дауыс берушілердің белсенді қатысуымен ерекшеленді. Сайлаушылардың арасында бірінші рет дауыс беруге келген азамат та, жасы 83-ке келген қария да бар деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Портал тілшісі байқағандай, оңтүстік астанадағы № 141 сайлау учаскесінде таңертеңнен бастап адам қарасы үзілер емес. Сайлаушылар дауысберу үшін кезекке тұруда.

Сайлау учаскесіндегі кезек күткен дауыс берушілер
Фото: NUR.KZ

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы пандемия жағдайында өтіп жатыр. Сайлау учаскелері барлық санитарлық талаптарға сай қызмет көрсетуде. Кіре берісте сайлаушылардың дене қызуын тексереді.

Сайлаудағы сақтық шаралары
Фото: NUR.KZ

Антисептик тұр. Учаскеге маскасыз келгендерге бетперде қарастырылған. Сондай-ақ комиссия мүшелері сайлаушылар арасындағы арақашықтық сақталуын бақылауға алған.

Алматыдағы сайлау учаскесі
Фото: NUR.KZ

Келушілер кезекпен бюллетень алып, ортадағы жәшікке тастауда. Төр жақта екі қатар орындықтарға бақылаушылар жайғасқан.

Сайлау үчаскесіне қол ұстасқан ерлі-зайыптылар, жастармен қатар жасы үлкен қарттар да қатардан қалыспай ат басын бұрған.

Жасы 83-ке келген қарт әже де қызымен бірге дауыс беріп кетті.

Алматы тұрғындары сайлаудан қайтып барады
Фото: NUR.KZ

Сайлаушылардың қатарында енді ғана кәмелет жасына толған алматылық Айбек Тоқтасын да бар. Ол бүгін алғаш рет сайлауға қатысып, таңдау жасады. Сайлау комиссиясы оған арнайы әзірлеген сыйын ұсынды.

жас сайлаушы
Фото: NUR.KZ

"Мен бүгін бірінші рет дауыс беріп тұрмын. Таңдауымды айтпай-ақ қояйын. Бірақ бюллетеннен партия атауын тауып, белгілегенде өзімді еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдап жатқандай сезіндім", - дейді Айбек.

Түске дейін сайлау жәшігінің жартысы толуға шақ қалды.

Айта кетсек, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елде жеті рет парламент сайланды. Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауына елде ресми тіркелген алты партия қатысып жатыр.

Мәжілістің 107 депутатының 98-ін партиялық тізім бойынша төте дауыс беру жолымен сайлаушылар сайласа, тоғызын Қазақстан халқы ассамблеясы іріктейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892961-almatyda-parlament-sajlauy-kalaj-tip-zatyr-foto/