RU

29 әйел депутат: Парламент мәжілісіне өткен нәзік жандылар кімдер

Мәжіліске сайланған әйел депутаттар
Фото: ҚР Сенаты баспасөз қызметі

БАҚ Парламент сайлауының нәтижесі бойынша Мәжілістің құрамы айтарлықтай жаңарғанын жазуда. KAZ.NUR.KZ тілшісі төменгі палатаға депутат болып сайланған халық қалаулыларының тізіміне көз жүгіртіп, ондағы әйелдерді санап шықты. Мәжіліс мандатына ие болған үш партиядан барлығы 29 әйел сайланған.

Сайлауда жеңіске жеткен Nur Otan партиясы депутаттық мандатының 24-і әйелдерге бұйырыпты. Оған Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мәжілісіндегі жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы әсер етсе керек.

Мәжілістегі Nur Otan депутаттық корпусына алдыңғы шақырылымда болған 8 депутат әйел қайта сайланған. Олар: Гүлнара Бижанова, Снежанна Имашева, Балайым Кесебаева, Айгүл Нұркина, Жамилә Нұрмамбетова, Жанат Омарбекова, Әлия Сапарова, Ирина Унжакова.

Жаңадан сайланған әйел депутаттардың арасында бұрынғы Сенат депутаты Дариға Назарбаева бар. Сонымен қатар танымал адамдардан депутаттық креслоға бұрынғы мемлекеттік қызметкер, дипломат Айгүл Құспан, атышулы жас ақын Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса), журналист Әлия Әбсеметова, Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Жұлдыз Сүлейменова жайғасты.

Ақ жол партиясының Мәжілістегі депутаттық корпусында Дәния Еспаева, Айгүл Жұмабаева бар.

Қазақстан халық партиясынан да Мәжіліске енген әйелдер саны екеу - Ирина Смирнова мен Айжан Сқақова.

Қазақстан халық ассамблеясынан Көкшетау гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейінің директоры Наталья Дементьева сайланды.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы Мәжілістегі 107 депутаттық мандаттың 76-сын Nur Otan партиясына, 12 мандатын Ақ жолға, 10-ын Қазақстан халық партиясына берді.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Парламент депутаттары бес жылға сайланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893511-parlament-mzilisine-tken-jel-deputattar-kimder/