RU

Парламент мәжілісінің тұрақты 7 комитеті бекітілді

Парламент
Көрнекі фото: Парламент сенатының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің 7 тұрақты комитеті бекітілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Конституциямыздың 6-бабы 1-тармағына сәйкес, Мәжілістің тұрақты комитеттерінің саны 7-ден аспауы керек. 6-шы сайланған Парламенті Мәжілісінде мынадай 7 тұрақты комитет жұмыс істеді: Аграрлық мәселелер комитеті, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті", – деді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Сонымен мәжіліс төрағасы әріптестерінен тұрақты комитеттердің саны мен атаулары бойынша ұсыныстарын сұрады. Депутаттар бұған дейінгі тұрақты комитеттердің саны мен атауларын қолдап бірауыздан дауыс берді.

Еске салсақ, парламент мәжілісінде VII сайланған парламенттің алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиын кезінде депутаттар мәжіліс спикерін таңдады.

Мәжіліс спикері лауазымына тек "Nur Otan" партиясының өкілі Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасы ұсынылды. Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс беру арқылы Нығматулиннің кандидатурасын бірауыздан қолдап, ол мәжіліс төрағасы болып сайланды. Айта кетсек, ол 2016 жылдың 22 маусымынан бастап парламент мәжілісінің төрағасы қызметіне атқарып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893978-parlmaent-mzilisini-trakty-7-komiteti-bekitildi/