Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте коронавирусқа қарсы егілетін вакцина 6 кезең бойынша жүргізілмек

Опубликовано:

Бақытжан Позилов
Бақытжан Позилов. Фото: Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма

Елімізде COVID-19 індетінің таралуы жиілеп, эпидемиологиялық ахуал нашарлай бастады. Яғни, бүгінде Қазақстанның 1 қаласы мен 5 облысы «қызыл» аймаққа еніп отыр. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Бұл ретте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов үшінші мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай мен COVID-19 инфекциясына қарсы егілетін вакцинаға байланысты пікірін білдірді.

"Шымкент қаласы КВИ-ға қарсы көзделіп жатқан вакцинациялауды 6 кезең бойынша жүргізуді жоспарлап отыр. Мәселен, бірінші кезеңде 1 ақпан күні Ресей Федерациясынан мың дана вакцина жеткізіледі. Оны алғаш болып инфекциялық ауруханалардағы медицина қызметкерлері, жедел жәрдем және емханалардағы мобильді топтың қызметкерлері қабылдайды. Жалпы, бұл кезеңде вакцина 100 мың адамға салынады", – деді басқарма басшысы.

Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, екінші кезеңде вакцина жалпы білім беретін мектептер, арнаулы орта оқу орындары, жоғары оқу орындарының педагогтары мен ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлеріне (150 мың адам) салынады. Үшінші кезеңде вакцина мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелерінің педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар азаматтарға (600 мың адам) егіледі. Ал IV кезеңде вакцинаны Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен стационарлардың медицина мамандары, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар азаматтар (600 мың адам) қабылдайды. Бесінші кезең барысында вакцина медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері мен созылмалы аурулары бар азаматтарға (600 мың адам) және соңғы кезеңде тәуекел тобындағы азаматтарға (600 мың адам) салынады.Сондай-ақ, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қаладағы эпидахуалды алға тартты.

"Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге келмейді. Ахуал алаңдатушылық туғызып отыр. Сол себепті коронавирустың ықтимал толқынына әзірленген үш сценарий бойынша жұмыстар пысықталуда. Яғни, қалыпты «А» жағдайында 1 220 төсек-орын қамтылады. Егер маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, «В» деңгейінде төсек-орын саны 4 016-ға дейін артады. Ахуал тым өршісе, «С» деңгейі бойынша 5 416 төсек-орын ашылады. Бұл ретте реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғы сатып алынды. Оған қоса 3 оттегі станциясын орнату бойынша жұмыстар аяқталып, Қалалық инфекциялық аурухана базасы мен №3 қалалық ауруханасында орнатылды. Ал қазіргі таңда қаладағы 1 060 төсек-орынның 843-і бос", – деді Бақытжан Позилов.

Осы орайда Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қала тұрғындары мен қонақтарына санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін ескертеді.Айта кетейік, үшінші мегаполисте 19 қаңтар күні коронавирус инфекциясын жұқтырудың 10 жағдайы тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1894757-symkentte-koronaviruska-karsy-egiletin-vakcina-6-keze-bojynsa-zrgizilmek/

pixel