Моңғолияда жас босанған әйелді сәбиімен далаға шығарған: Ел үкіметі отставкаға кетті
Жарияланған күні:
Моңғолияда жаңа босанған әйелден коронавирус анықталып, жеңіл киінген келіншекті сәбиімен бірге жедел жәрдем көлігіне отырғызып басқа ауруханаға ауыстырған. Бұл жағдай мыңдаған адамның алаңға шығуы мен бірнеше шенеуніктің отставкаға кетуіне себеп болды деп хабарлайды REGNUM ақпараттық агенттігі.
20 қаңтарда Ұлан-Батырда жаңа босанған келіншектен коронавирус инфекциясы анықталып, анасы мен баласын перзентханадан Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығына ауыстырған.
Жергілікті телеарналардан COVID-19 расталған әйелді босана салысымен нәрестесімен бірге жеңіл халатпен, жылы киімсіз жедел жәрдем көлігіне отырғызғанын көрсеткен. Бұл халықтың жаппай алаңға шығуына түрткі болған.
Сонымен бірге шетелде қалып қойған азаматтарды үйлеріне қайтару үшін арнайы рейстердің күшін жою, обсервациялық бақылаулардың бірінде инфекцияның өршуі, бақылау пунктерінде азаматтардың қайтыс болуы сынды мәселелер моңғолиялықтардың наразылығын тудырған.
Наразы жұрт шенеуніктерді пандемия жағдайында тиімді шаралар қабылдамады деп айыптап, олардың отставкаға кетуін талап еткен.
Осыдан кейін 20 қаңтар күні кешке Моңғолия үкіметі шұғыл жиын өткізіп, мемлекеттік төтенше жағдай төрағасы мен вице-премьер Янгугийн Содбаатар отставкаға жіберілген.
"Кеше болған жағдай үшін қатты өкінемін. Өз халқымнан және мені жауапты қызметке тағайындаған премьер-министрден кешірім сұраймын", - дейді Янгугийн Содбаатар.
Сонымен бірге денсаулық сақтау министрі Тогтмолын Монхсайхан мәлімдеме жасап, елдің пандемиямен тиімді күресіп жатқанын атап өткен.
Сондай-ақ, министр отставкаға кететінін хабарлаған.
Ал Ұлан-Батыр қаласының мэрі "Ургоо" перзентханасының бас дәрігерін, Ұлан-Батыр денсаулық сақтау департаментінің басшысы мен Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының директорын отставкаға жіберген.
Central asia.media сайтының жазуынша, ел президенті үкіметтік толық құрамды отставкаға жіберу туралы шешім қабылдаған. Осылайша жаппай шерулерден кейін премьер-министр Ухнаагийн Хурэлсух үкіметтің толық құрамда отставкаға кететінін жариялаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1895108-mogoliada-zas-bosangan-jeldi-sbiimen-dalaga-sygargan-el-kimeti-otstavkaga-ketti/