АҚШ президенті әкімшілігіндегі қазақ қызының қызметі жоғарылады
Жарияланған күні:
АҚШ президенті Барак Обама болып тұрған тұста (2014 жылы) Әсел Төленова АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары болған. Енді Әсел Робертстің қызметі өсіп, протокол басшысы міндетін атқарушы болып бекітілді. Бұл туралы жаңалық АҚШ билігінің ресми сайтында жарияланған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Әсел К. Робертс 2021 жылдың 20 қаңтарында АҚШ Протоколы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Протокол бастығының кеңсесінде 15 жылдан астам тәжірибесі бар ол соңғы уақытта аға кеңесші қызметін атқарды. Робертс ханым дипломатиялық қызмет мектебін бітірді. Эдмунд Уолш атындағы Джорджтаун университетінің Халықаралық құқық және ұйымдар саласындағы ғылым бакалавры дәрежесі бар. Ол орыс, қазақ және жапон тілдерінде сөйлейді", - делінген хабарламада.
Айта кетсек, протокол басшысы – Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік департаментінің лауазымды тұлғасы. Оның міндеті – АҚШ президенті, вице-президенті және мемлекеттік хатшысына мемлекеттік және халықаралық дипломатиялық протокол мәселелері бойынша кеңес беру.
Әсел Робертс туралы не білеміз
Еске сала кетсек, өткен жылы Әсел Төленова есімді қазақ қызы АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары болып қызмет ететінін жазған едік.
Осыдан төрт жыл бұрын Ақ үйдің ресми сайтында Әсел туралы ақпарат жарияланған екен. Онда 2017 жылы қазақ қызы Мемлекеттік департаментте протокол қызметін басқарғаны айтылады. Әсел Робертс Ақ үйдегі тағылымдамалар бағдарламасы аясында сөз сөйлеп, өзінің өмірлік тәжірибесі туралы баяндаған. Ол Америка Құрама Штаттарында қалай жетістікке жеткенін де айтып беріпті.
"Әсел Робертс ханым президенттердің брифингтерін қалай ұйымдастырғанын еске алды. Ол Америкада өз арманыңа жетуге барлық мүмкіндік жасалғанын ерекше атап өтті", - делінген сайтта жарияланған хабарламада.
"Ағайындар" жинағына да Әсел Төленованың өмірбаяны жарияланған. Оған сәйкес, Әсел 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. 1993 жылы АҚШ-тың Джорджтаун университетіне оқуға түсіп, халықаралық дипломатия мамандығы бойынша тәмамдаған.
1998 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік департаменті протокол басқарушысының сыртқы қатынастар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Ал 2014 жылы АҚШ президенті протоколы басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1895113-aks-prezidenti-kimsiliginde-istejtin-kazak-kyzyny-kyzmeti-zogarylady/