RU

Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары жасалады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстанда елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары дайындалады. Бұл жөнінде Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің үшінші отырысында айтылды деп хабарлайды Ақорда.

Жаңартылған мемлекеттік жоспарлау жүйесі бағдарламалық құжаттардың неғұрлым икемді архитектурасын құрып, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттырып, мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының тікелей жауапкершілігін нақты бекітуге тиіс.

Ақордада өткен жиында әлемдегі жетекші мемлекеттердің біріне айналу үшін елді одан ары дамытудың үш негізгі бағытын анықтау ұсынылды.

  • Олар: институттардың сапасы, азаматтардың әл-ауқаты және қуатты экономика.

Бұл ретте орта мерзімді кезеңге арналған міндеттерді айқындайтын негізгі құжат – елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары болады.

Онда маңызды салаларды дамытудағы көзқарас, негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі бағыттар көрсетіледі.

Ұлттық жобалар қызметтегі және саладағы белгілі бір бағыттардың негізгі мәселелерін шешуге бағытталады. Олар барынша салалық болуға тиіс.

Белгілі бір мерзімде нақты нәтиже алуға бағытталып, толығымен қаржыландырылуы керек.

Қазіргі уақытта цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік, бәсекелестік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да бағыттағы жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл құжаттар осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей әзірленіп, бекітілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев салалық мәселелерді талқылауға білікті сарапшылардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал егер аса маңызды қоғамдық мүдделер қозғалар болса, онда азаматтарды бұл мәселеге барынша тартуды жүктеді.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысының төрағалығымен "Ақорда" сарайында реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1896464-eldi-damytudy-2025-zylga-dejingi-lttyk-zospary-zasalady/