Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркітілдес мемлекет басшылары 2021 жылы Түркістанда бас қосады

Опубликовано:

Түркістан
Фото: turantv.kz

2021 жылы Түркістанда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) бейресми саммиті өтеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді дүйсенбіде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездескен.

Олар Түркі кеңесінің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және 2021 жылы Түркістанда өткізу жоспарланған бейресми саммитке дайындық барысын талқылаған.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров NUR.KZ тілшісіне "Түркі кеңесінің саммиті Түркістанда 2020 жылдың күзінде жоспарланған болатын, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты түркітілдес мемлекеттер басшыларының кездесуін келесі жылға қалдыруға тура келді".

Еске салайық, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алдыңғы саммиті 2019 жылы 15 қазанда Бакуде өткен болатын.

Іс-шараға Қазақстан атынан бірінші президент – Түркі кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесіне ие болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Назарбаев өз сөзінде түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңыздылығын атап өтті және Түркі кеңесінің одан әрі дамуы үшін екі бастама көтерді.

"Біріншіден, "Түркі көзқарасы – 2040" бағдарламасын жасауды ұсынамын. Бұл құжат түркітілдес қауымдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оларға жету жолдарын бейнелеуі керек. Осының арқасында біз мемлекеттеріміз үшін сыртқы және жұмсақ қүш саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика және жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы өзара іс-қимылды күшейтуге айтарлықтай серпін береміз", – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы бағдарламаға мәдени және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы іс-шараларды енгізу қажеттілігін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстанның тұңғыш президенті "түркі әлемінің бесігі" – Түркістан қаласын дамытудың маңыздылығына назар аударды.

"Екіншіден, болашақта біздің Кеңестің атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің деңгейін Ұйым деңгейіне көтеру мүмкін деп санаймын. Осылайша, біздің құрылымды "Түркі мемлекеттерінің ұйымы" деп атауға болады", – деді Назарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1896839-trkitildes-memleket-bassylary-2021-zyly-trkistanda-bas-kosady/

pixel