RU

Ел дамуына үлес қосқандарға "Қазақстан Республикасының 30 жылдығы" медалі берілмек

Медаль
Көрнекі фото: maslihat01.kz

Биыл еліміздің егемендік алғанына 30 жыл. Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойлық медаль шығарылатынын айтты.

5 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Президент жиын барысында мемлекетті нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында "Қазақстан Республикасының 30 жылдығы" мерейтойлық медалі шығарылатынын айтты.

"Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент бүгін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдаған болатын.

Министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның 2020 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен криминогендік ахуалдың жай-күйі туралы ақпарат берген.

Тұрғымбаевтың айтуынша, еліміздегі қылмыс көрсеткіші 37 пайызға төмендеген, сондай-ақ ұрлық, қарақшылық, тонау, бұзақылық және зорлау түріндегі қылмыстардың да саны азайған.

Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артқан. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан жарақаттанған, қаза болған адамдардың саны азайған.

Президент бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1897588-el-damuyna-ules-qosqandarga-qazaqstan-respublikasynyn-30-zyldygy-medali-berilmek/