RU

Назарбаев әлемге өзінің 700 млрд долларлық бастамасына қайта оралу ұсынысын жасады

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: elbasy.kz

БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыртуынан кейін Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орнықты даму үшін өзара жаһандық ықпалдастық форумының қатысушыларына үндеу жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Сыртқы істер министрлігінің хабарламасына сілтеме жасай отырып.

Назарбаевтың жолдауын премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқып берді.

Елбасы өзінің жолдауында коронавирустың бүкіл әлемге жылдам таралуы, оның бұрын-соңды болмаған қайғылы салдары мен әлемдік экономикаға әсер етуі біздің елдеріміздің қаншалықты өзара тәуелді екенін айқын көрсеткенін атап өтті.

Осы орайда ол бұл жаһандық қауіп-қатерді бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін әр түрлі қызмет салаларында біріктіру арқылы ғана жеңуге болатынын алға тартты.

"Осындай бірлескен тәсілді қажет ететін басым шаралардың бірі - COVID-19-ға қарсы вакцинаны тең және әділ тарату", - деді Елбасы.

Тұңғыш президент ағымдағы онжылдық "БҰҰ-ға мүше барлық елдер үшін ортақ жаһандық компас" болып табылатын 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жүзеге асыру үшін өте маңызды болып табылатынын еске салды. Алайда, осы мақсаттарға жету үшін мемлекеттерге қосымша 700 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат қажет болады.

Мұндай қаражатты табу үшін Елбасы Қазақстанның барлық елдердің әскери шығындарын 1% азайту және олардың даму мақсаттарына бағыттау туралы бастамасына қайта оралуды ұсынды.

"Мен бұл идеяны 1992 жылдан бері БҰҰ мінберінен бірнеше рет көтердім және бүгінгі күні бұл ерекше өзекті болып табылады", - деді ол.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген көрсеткіштері бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін және 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына біртіндеп ілгерілеп жатқанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1898010-nazarbaev-alemge-ozinin-700-milliard-dollarlyq-bastamasyna-qaita-oralu-usynysyn-zasady/