RU

AsiaCredit Bank лицензиясынан айырылды

Банк
Фото: inbusiness.kz

AsiaCredit Bank банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізу лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомстовның мәліметінше, "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ-ны лицензиясынан айыру туралы шешім 2021 жылғы 11 ақпандағы № 22 қаулыға сәйкес қабылданған.

Лицензиядан айыруға пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзу, қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау, уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамау негіз болған.

Басқарма банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7 пайыз депозиттері "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының" кепілдігімен толық көлемде өтелетінін хабарлады. Банкте 23 174 жеке тұлғаның депозиттері бар, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге.

Қазір банкте уақытша әкімшілік тағайындалған. Оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өткен. Уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік жетекшісі болып Агенттіктің қызметкері Ерлан Сәрсенбекұлы бекітілген.

Барлық сұрақтар бойынша банктің уақытша әкімшілігіне +7 (727) 330 88 11, +7 (727) 355 05 35 телефондары бойынша жүгінуге болады.

12 ақпаннан бастап Қазақстан заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1898618-asiacredit-bank-licenziyasynan-aiyryldy/