Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сенатор үкіметтен ашаршылыққа қатысты құпия деректерді ашуды талап етті

Опубликовано:

Мұрат Бақтиярұлы
Мұрат Бақтиярұлы. Фото: kyzylorda-news.kz

Сенаттың жалпы отырысында Мұрат Бақтиярұлы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, ашаршылықтың ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей отыр. Деректер ала-құла, ал құрбандардың нақты санына қатысты ортақ пайым жоқ. Себебі көптеген құжат ашылмай отыр.

"Ашаршылыққа қатысты көптеген құжат пен құнды материал ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің архивінде сақтаулы тұр. Ал оған зерттеушілер кіре алмайды. Бұл мәліметтер осы күнге дейін құпия болғандықтан, қолында нақты дерегі жоқ тарихшылар ашаршылық жылдары қайтыс болған, Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткен, түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан көз жұмған адамдардың саны туралы кесімді нәрсе айтуға бара бермей, тек жуықтап әрі шамалап айтуға ғана мәжбүр", - деді Бақтиярұлы.

Депутаттың айтуынша, ашаршылық ақиқатын толыққанды ашып, оған объективті баға беру қажет. Ол үшін "Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас" атты дөңгелек үстелдің қатысушылары әзірлеген ұсыныстарды іске асыру қажет. Олар:

  • барлық архивке кіруге рұқсат беру;
  • архивтердің "құпия" деген белгілерін алып тастау;
  • шекаралас мемлекетердің архивтеріне кіруге мүмкіндік жасау;
  • ғылыми-зерттеу бағдарламасын әзірлеу;
  • ашаршылық қасіреті туралы кітаптар шығару, театрлық қойылымдар жасау, фильмдер түсіру.

Бұдан бөлек, ғалымдар жыл сайын 31 мамырда мемлекеттік деңгейде "Аза тұту минутын" өткізуді ұсынып отыр.

Еске сала кетсек, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, оған ғылыми тұрғыдан қараудың маңызды екенін айтқан еді. Оның сөзінше, бұл тек қазақ халының басына түскен нәубет емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1900817-senator-ukimetten-asarsylyqqa-qatysty-qupiya-derekterdi-asudy-talap-etti/

pixel