RU

Жапаров: Мойындауымыз керек - қазақ халқы бүгінде бізге қарағанда бірнеше жыл алға кеткен мемлекет

Садыр Жапаров17
Фото: kabar.kg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстанға сапары алдында екі елдің арасындағы сыйластық туралы айтып берді деп хабарлайды Қазақпарат.

Қазақ халқына ынтымақ, жақсылық, тыныштық тілейтінін жеткізген қырғыз басшысы екі елдің арасындағы достықтың тамаша үлгісін сөз етті.

"Әлбетте, мойындауымыз керек - қазақ халқы бүгінде бізге қарағанда бірнеше жыл алға кеткен мемлекет. Мұнан да алға ілгерілей бергенін тілеймін.

Өйткені, сіздерде бәрі жақсы болса, Қырғызстанда да сондай болатындығы сөзсіз.

Біз бауырлас халықпыз. Еш уақытта бір-бірімізді тастаған емеспіз. Оған тарих дәлел. Қазақтың басына күн түскенде қырғыз көмек көрсеткен, қырғыздың басына қиындық туғанда қазақтар жәрдем берген.

Тарихтан мысалға алсақ, 1930-жылдары ашаршылық болғанда, қазақ бауырластардың көпшілігі бізге ауып келді. Сонда бір кесе талқанымыз болса, соның жартысын қазаққа беріп, аштықтан сақтап қалғанбыз. Менің туған ауданымда оншақты қазақ ауылы бар. Барлығында қазақтар тұрады. Бірақ, 100 жылдан асып кетті ғой, содан бері бізбен бірге өмір сүріп, бір туғандай араласып келеміз.

Осындай сәттерде, қиын мезгілде бір-біріне жәрдем берген, әрқашан бір-бірін қолдаған халықпыз. Сондықтан қазақ бауырларға тілерім – жақсылық, өсіп-өне берсін, ел-жұртында тыныштық болсын!", - дейді Садыр Жапаров.

Айта кетейік, сұхбат барысында Қырғызстанның президенті Орталық Азия мемлекеттеріне сапарын ең алдымен Қазақстаннан бастау себебін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1901423-zaparov-moiyndauymyz-kerek-qazaq-xalqy-buginde-bizge-qaraganda-birnese-zyl-alga-ketken-memleket/