RU

Тоқаев: Қырғыз ағайындарды қолдауға және көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз

Жапаров пен Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшылары стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты деп хабарлайды Ақорда.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде сауда-экономикалық байланыстарды арттыруға және саяси, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз ықпалдастық орнатуға басымдық берілді.

Қырғыз делегациясына ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев екі елді бауырластық, достық және серіктестіктің дәстүрлі жолы байланыстыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін және екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретінін айтты.

"Біз қырғыз ағайындарымызды қолдауға және жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенімізді атап өткім келеді. Біз бағзы заманнан тату көршіміз, достығымыз бен ынтымағымыз жарасқан бауырлас елдерміз. "Қазақ-қырғыз бір туған" деген нақыл сөз арамыздағы зор сенім мен кең пейілді айқын көрсетеді", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы шағын форматта өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттары анықталғанын жеткізді.

"Елдеріміз арасында шешілмейтін қандай да бір мәселенің жоқ екені көңіл қуантады. Керісінше, біз өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға дайын екенімізді білдірдік. Қырғызстан Сіздің басшылығыңызбен барлық мәселені тиімді шешуге және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға әзір екенін нақтылағанын дұрыс қабылдадық. Өз тарапымнан Қазақстанның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды кешенді түрде тереңдетуге бейіл болып қала беретінін айқым келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына коронавирусқа қарсы күресте қолдағаны үшін және алдағы уақытта да ауқымды көмек көрсете беретініне алғыс айтты.

"Бүгінгі келіссөздер дәстүр бойынша мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды сипаттайтын одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестік рухында өтуде. Шағын форматта өткен кездесуде біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін", – деді Садыр Жапаров.

Келіссөздер барысында тараптар іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейтуге, инвестициялық ықпалдастықты дамытуға, екі елдің көлік-транзиттік әлеуетін бірлесіп пайдалануға, сондай-ақ, цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.  

Президенттер қос халықтың мәдениеті мен тарихының және тілінің ұқсастығын ескере отырып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Республикасының Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен Мәлімдемесі;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттік арасындағы ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісім;
  • Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Цифрлық даму мемлекеттік қызметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекцияның 2021-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары;
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Қырғыз Республикасы Энергетика және өнеркәсіп министрінің арасындағы электроэнергиямен тауар алмасу туралы хаттама;
  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігінің арасындағы 2021 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1901568-toqaev-qyrgyz-agaiyndarymyzdy-qoldauga-zane-zan-zaqty-komek-korsetuge-ardaiym-daiynbyz/