Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Тарифтерді тежеу маман тапшылығына ұласты»: 115 қызметкер іздеген ЖЭО дабыл қақты

Опубликовано:

Степногорск ЖЭО
Фото: Степногорск ЖЭО

Жұмысшылардың жалақысын қамтитын электр энергиясының тарифін тежеу ЖЭО-дағы мамандар тапшылығына ұласуда. Осылай деп дабыл қаққан ЖЭО өкілдері бүгінде төмен жалақыға жұмыс істеуге әзір қызметкерлердің қатары күн санап азайып жатқанына алаңдап отыр. Ақмола облысындағы бір ғана ЖЭО-ның өзінде 115 бос орынға қызметкер табылмай жатқан көрінеді.

115 бос орынға маман табылмай отыр

Бүгінгі таңда Степногорск ЖЭО-да кадрлар тарту тұрғысынан қиын жағдай қалыптасқан. Бос орындар саны 115-ке жетіп, мамандар тапшылығы туындап отыр. Оның ішінде, қазандық цехында – 21 бос орын, турбиналық цехында – 12, электрлік цехында – 21, химиялық цехында – 6, отын беру цехында – 9, жылу автоматикасы және өлшеу цехында – 11, жөндеу-механикалық цехында – 19 орын бос қалуда. Басқармаға тағы 16 маман қажет. Маман тапшылығы салдарынан қызметкерлерді төрт ауысымдық жұмыс режимінен үш ауысымға ауыстыруға тура келуде.

ЖЭО өкілдерінің айтуынша, бұған еңбекақының төмен болуы себеп. Осы орайда, ЖЭО-да арнайы курстарда оқу мен дайындықтан өткен және растайтын құжаттары бар білікті мамандар жұмыс істейтінін атап өту қажет. Яғни, адамды сырттан алып, оны жұмыс орнына қабылдай салу мүмкін емес.

Степногорск ЖЭО
Фото: Степногорск ЖЭО

Себебі, жұмыстың ерекшелігін білмеу, әсіресе жылыту кезеңінде апатты жағдайдың туындауы сынды салдарларға әкеліп соқтыруы ғажап емес. Оның үстіне күрделі жағдайларда жұмыс істейтін ЖЭО қызметкерлері лайықты жалақы ала алмай отыр екен.

Жұмыс ауыр, жалақы төмен

«Жалақы төмен. Өйткені, жұмысшылардың жалақысын қамтитын электр энергиясының тарифін тариф құру саласындағы уәкілетті органдар реттейді және тежейді. Бұл ретте, уәкілетті орган тарифтерді қарау кезінде қызметкерлердің нақты санын ғана есепке алады. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген адамдар ЖЭО-да жұмыс істегеннен кейін біраз уақыттан соң жұмыстан шығып кетеді, ауыр жұмыс үшін төмен сыйақы деп өзінің уәжін айтады. Әрине оларға өңірдегі еңбекақы төлеу деңгейін салыстыруға мүмкіндік бар», - дейді ЖЭО өкілдері.

Мәселен, Степногорск өңірінің аумағындағы алтын кенін қайта өңдеу бойынша фабрикаларда ЖЭО-ның бұрынғы қызметкерлерінің айтуынша, еңбекақы станцияға қарағанда екі, тіпті үш есе жоғары.

Маман тапшылығы мәселесімен күрес

Бұл мәселелерді өз күшімен шешуге тырысқан ЖЭО басшылығы қызметкерлердің қызығушылығын арттыру мақсатында оқу орындарында білім алуға ниетті болашақ мамандарды ұзақ мерзімді несие беру арқылы оқыту тәжірибесін де қолданған екен. Алайда, жұмыс берушінің есебінен оқыған он үш қызметкердің бірде-бірі ақыры кәсіпорында қалмапты. Олардың барлығы еңбекақысы жоғары жұмысқа орналасып кеткен.

Ақша
Фото: pixabay.com

Күрделі жұмысқа білікті маман табу оңай емес

Одан бөлек, ЖЭО-ға инженерлік-техникалық қызметкерлер аса қажет болып отыр. Мұндай күрделі бағытта білікті маман табу оңай еместігі анық. Себебі, станциядағы инженерлік-техникалық қызметкер – күрделі, ағымдағы және жоспарлы алдын алу жөндеулерін ұйымдастырумен айналысатын, жаңа технологияларды енгізетін, станцияның технологиялық режимдерін әзірлейтін және жүргізетін негізгі маман болып табылады.

«Кәсіпорындағы мамандар саны одан бетер азайып қалмауына жағдай жасап, жаңа білікті кадрларды тарту мәселесін шешудің жалғыз жолы қолданыстағы тарифті ұлғайту болуы мүмкін. Өйтпеген жағдайда, энергия жабдықтары мен жүйелеріне тиісті қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің мүмкін еместігіне байланысты электр энергиясы мен жылу өндіруді азайту қажеттілігі туындайды», - дейді кәсіпорын өкілдері мәселенің өзектілігіне баса назар аудара отырып.

Атырау ЖЭО-сы да маман тапшылығын сезінуде

Осыған ұқсас жағдай Қазақстанның барлық өңірлерінде қалыптасқан. Статистикалық деректерге сүйенсек, Атырау облысы бойынша 2020 жылға орташа айлық жалақы – 377 446 теңгені, өнеркәсіп және мұнай-газ салаларының ірі және орта кәсіпорындары бойынша - 418 574 теңгені құраған.

Ал "Атырау ЖЭО" АҚ өндірістік персоналының нақты орташа айлық жалақысы – 192 979 теңге. Бұл кадрлардың көп тұрақтамауының себебі болып табылады дейді кәсіпорындағылар. Ал кадрлардың негізгі бөлігін жоғары білікті жұмысшылар мен мамандар санаты құрайтынын ескеру қажет. Жыл ішінде кәсіпорыннан 148 адам жұмыстан босатылған екен, оның 31-і – жоғары білікті мамандар мен басшылар.

Қазіргі уақытта Атырау ЖЭО-да 61 жұмыс орны бос.

Жамбыл ГРЭС-інде де кадрлар жеткіліксіз

Жамбыл ГРЭС-інде де мамандардың тұрақтамауы мәселесі туындап отыр. Бұған жалақының және әлеуметтік пакеттің төмендігі себеп болуда. Қазандық және турбиналық жабдықтар бойынша дайын машинист-қараушы, энергоблок машинистер таба қою екіталай, даярлау тікелей станцияда екі-бес жыл бойы жүргізіледі, демек, кәсіпорын елеулі қаржылық шығынға ұшырайды.

Сондай - ақ, кәсіпорында бүгінде үш жақты шарттар жасасып, еліміздің жоғары және орта оқу орындарында қызметкерлерді өз есебінен оқыту мүмкіндігі қолға алынуда – ал бұл шығындар тарифте қарастырылмаған.

Қолданыстағы тарифтің өсуі энергетиктерге лайықты еңбекақы төлеуге және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретінін алға тартқан кәсіпорын өкілдері, бұл мәселе өз шешімін тапса екен дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1902797-tarifterdi-tezeu-maman-tapsylygyna-ulasty-115-qyzmetker-izdegen-zeo-dabyl-qaqty/

pixel