RU

Мирзеев Тоқаевқа Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты көңіл айтты

Шавкат Мирзиёев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшылары Орталық Азиядағы ахуал жөнінде пікір алмасып, стратегиялық маңызы зор өңірдегі қауіпсіздікті, тұрақтылықты және өркендеуді қамтамасыз ету мақсатында ауқымды әрі жемісті ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін нақтылады.

Екі елдің үкіметтері өзара сауда-экономикалық, гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін шешу бойынша келісілген жұмыстарды жалғастыра береді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайы маңында орын алған әуе апатынан адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтқаны үшін Өзбекстан басшысына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ екі елдің басшылары бір-бірін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарына бақ-береке тіледі.

Еске салсақ, 12 наурыз күні Алматы маңында "Нұр-Сұлтан-Алматы" бағыты бойынша ұшып шыққан ҰҚК-ның АН-26 әскери ұшағы апат болған еді. Бортта болған 6 адамның төртеуі қайтыс болды.

Мемлекет басшысы қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, жарақат алғандарға тез сауығып кетуін тіледі.

Көп ұзамай, ұшақ апатынан қаза тапқандардың есімі белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті марқұмдардың суретін жариялады.

Олардың айтуынша, экипаж тәжірибелі әрі кәсіби мамандардан құралған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1903382-mirzeev-toqaevqa-almaty-manyndagy-usaq-apatyna-bailanysty-konil-aitty/