RU

Сыртқы істер министрі Ердоғанмен кездесіп, оған Тоқаевтың жолдаухатын жеткізді

Мұхтар Тілеуберді мен Режеп Тайып Ердоған
Мұхтар Тілеуберді мен Режеп Тайып Ердоған. Фото: Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты

Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың шақыруымен еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Анкараға келді деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.

Сапар барысында Мұхтар Тілеубердіні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қабылдағаны хабарланды.

Министр Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл 31 наурызда Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитіне шақыруын тапсырған.

Сондай-ақ Ердоғанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жолдаухаты табыс етілген.

Анкараға сапар аясында екі елдің сыртқы істер министрлерінің төрағалығымен Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 6-шы отырысы өткен.

Іс-шара барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібіндегі мәселелерін талқылаған. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары қарастырылған.

Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Түркия Еуразия құрлығындағы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі екенін атап өткен.

"Бауырлас халықтарымыздың арасындағы мызғымас достық пен жоғары деңгейдегі саяси диалог біздің өзара тиімді стратегиялық әріптестігімізді тереңдетуге толық мүмкіндік береді", - дейді еліміздің сыртқы істер министрі.

Кездесу соңында Қазақстан мен Түркия сыртқы істер министрлері диалогты жалғастыруға және екіжақты қатынастардың барлық мәселелерін стратегиялық әріптестік негізінде дәйекті түрде шешуге ниет білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1903899-syrtqy-ister-ministri-erdoganmen-kezdesip-ogan-toqaevtyn-zoldauxatyn-zetkizdi/