RU

Тараз қаласына жаңа әкім тағайындалды

Ержан Жылқыбаев
Ержан Жылқыбаев. Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен, Президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Ержан Жылқыбаев Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс орталығының жаңа әкімін қала активіне аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев таныстырды.

"Айтқазы Қарабалаевтың атқарған жұмысына рахмет айтамын. Тараз облыс орталығы болғаннан кейін оның дамуы аймақтың дамуына тікелей байланысты.

Ержан Жылқыбаев біраз жерде қызмет атқарды, сыннан өтті. Тараздың дамуына бар тәжірибесін салады деп сенемін. Ең бастысы, бірігіп жұмыс істеу керек. Тараз мәдени, туризм ордасы болуы керек. Былтырғы жыл Қордайға көп көңіл бөлінсе, биыл Таразға ерекше назар аударылмақ.

Халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу, инфрақұрылымды, келбетін жақсартуға көңіл бөлінеді", - дейді Бердібек Сапарбаев.

Айтқазы Қарабалаев Тараз жұртына алғыс білдірді. Ал жаңадан тағайындалған әкім артылған сенімді ақтауға уәде берді.

Айта кетейік, Ержан Жылқыбаев 1982 жылы дүниеге келген, білімі жоғары.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін "Экономист-менеджер", президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын "Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі", С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін "Юрист" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) экономика департаментінің бас маманы болып бастаған.

2006-2009 жылдары парламенттегі үкімет өкілдігінің бас сарапшысы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бөлім басшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі қызметтерін атқарған.

2009-2014 жылдары – ШҚО әкімінің аппараты басшысының орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болған.

Әр жылдары Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2020 жылдың ақпанынан бастап жаңа қызметіне дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған.

"Құрмет" орденімен, түрлі мемлекеттік және халықаралық наградалармен марапатталған.

Отбасылы 4 баласы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1904218-taraz-qalasyna-zana-akim-tagaiyndaldy/