Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Расул Жұмалы жерді жекеменшікке беруді не үшін қолдайтынын айтты

Опубликовано:

Расул Жұмалы
Фото: Facebook/Расул Жұмалы

25 наурызда Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Комиссия құрамындағы саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы KAZ.NUR.KZ тілшісіне жерді жекеменшікке беру туралы ойымен бөлісті. Ол жер мәселесін шешуде асығыс байламға келуге болмайтынын кесіп айтты. Саясаттанушы жекеменшікке берілетін жердің жоғарғы шекті көлемін белгілеу қажеттігін жеткізді.

Расул Жұмалы еліміздегі жер мәселесі соңғы 30 жылда шешімін таппай келе жатқан түйткілді сұрақ екеніне назар аудартты.

Саясаттанушы жер мәселесінің қоғамда ашық талқыланып жатқанын жақсы нышанға балады. Ол комиссияның күн тәртібінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекеменшікке беру-бермеу мәселесін біржақты ету тұрғанын атап өтті.

"Менің бұған қатысты қатып қалған көзқарасым жоқ. Кеше жер комиссиясының бірінші отырысы болды. Онда тамыз айының соңына дейін осы мәселенің бүге-шігесін анықтап, ортақ мәмлеге келу мақсаты тұр. Ең негізгі пікір алмасу жерді жекеменшікке беру жайлы болып жатыр. Кеше жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Комиссия апта сайын кездесіп тұрады.

Берілген уақыт көп емес. Жалпы осы мәселенің ашық талқыланып отырғаны жақсы. Комиссия мүшелерінің арасында жерді сатуға болмайды дегендер өз аргументтерін келтіріп жатыр. Олардың бірталайы ойға қонымды. Басты аргументтер - ұлттық қауіпсіздік, келеңсіз жағдайлардың алдын алу, жердің латифундистер қолына өтіп кеткені, оны банкке кепілге қойып, айналма жолмен шетел азаматтарының қолына түсіп кете ме деген күдік, жердің игерілмей жатқаны, немесе субарендаға беріп, спекуляциямен айналысуы.

Екінші жағынан әлемдік тәжірибеге көз салсақ, ондаған мемлекет жерді жекеменшікке беруді заң жүзінде шешіп, тәжірибе қалыптастырған. Сол мемлекеттерден үлгі алуымызға болады. Жер мәселесінде популизмге салынудың қажеті жоқ. Асығудың қажеті жоқ. Қазіргі кезек күттірмейтін іс жерді жалға беру мәселесін оңтайластыру. Оны кімдерге, қандай талаптармен, қашанға дейін беру шарттарын анықтау қажет.

Менің ойымша, жердің әр адамға жекеменшікке берілетін жоғарғы шекті көлемі белгіленуі керек. Мысалы азамат осынша көлемде жер алады, одан артық жер берілмейді дегендей. Кейбір латифундистерде мыңдаған гектар жер бар. Бір адамдарға 10 сотық жер жетпей жатыр. Сондықтан жер иеленудің жоғарғы шегін белгілеу керек. Әлемдік тәжірибені ескеріп, жерді жекеменшікке беру мәселесін қарастыру керек", - дейді Расул Жұмалы.

Саясаттанушы жерді жекеменшікке беруді қолдайтынын, алайда қолында қазақстандық паспорты болғаны ғана үшін жерді меншіктеп беруді жөн санамайтынын жеткізді.

"Көптеген азаматтар елден көшіп жатыр, екі ел азаматтығын алып алғандар бар. Ең бастысы асығыстық жасап, артық қылам деп тыртық қылмау керек. Түбінде жердің жекеменшікке өтуін қолдаймын. Қазір жердің басым бөлігі мемлекеттің құзыретінде. Жердің барлығы жекеменшікке өтіп кетсін деген сөз емес. Оның ішінде стратегиялық нысандар, шекаралық аумақтар, пайдалы қазбалары бар жерлер, тарихи маңызды жерлер мемлекеттің меншігінде қалады. Бірақ аймақтарда жекелеген алқаптарды жекешелендіру туралы мәселені қолға алу керек", - дейді ол.

Саясаттанушы жерді жалға берудің салдарын пәтерді жалға беру мысалымен салыстырмалы түрде түсіндірді.

"Жалға берілген пәтердің бес жылдан соң жағдайы қандай болатыны белгілі. Жалға алынған мүлікке жауапкершілікпен қарайтын адамдар аз. Егер пәтердің қожайыны болса, оған жөндеу жұмысын жасайды, әрлейді, жиһаз алады. Демек жекеменшіктің ұтымды тұстары көп. Жер де сол сияқты. 20-30 жылға жалға алдың, сол жердің сөлін шығардың. Өзіңнен кейін ол жермен не болатынына бас ауыртпайсың. Жер жекенің меншігінде болса, иесі оған ұқыпты қарайды, инвестиция салады. Сол жердің құнарлығын сақтауға, оны ластамауға, тиісті талаптарды орындауға, сапасына өзі мүдделі болады.

Тиісінше ол жерде еңбек өнімділігі әлдеқайда жоғары. Өйткені жер меншікке өткеннен кейін ол экономикалық категорияға айналады. Бірақ, қайталап айтамын, асығудың қажеті жоқ. Бұл нарық Еуропа елдерінде ғасырлар бойы қалыптасты", - дейді Расул Жұмалы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1904828-zer-reformasy-zonindegi-komissiya-musesi-zerdi-zekemensikke-berudi-ne-usin-qoldaitynyn-aitty/

pixel