RU

Депутат еліміздің сыртқы қарызы 160 млрд доллардан асқанын айтып, дабыл қақты

Ақша
Көрнекі сурет: pixabay.com

Парламенттегі "Ақ жол" партиясының өкілдері сырттан қарызға алынған қаржының орнымен жұмсалуын талап етуде. Бүгінде еліміздің берешегі 160 млрд доллардан асады, әрі бұл көрсеткіш өсе түсуде дейді бірінші вице-премьер Әлихан Смаиловқа депутаттық сауалын жолдаған мәжілісмен Андрей Линник. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.

Депутаттың пікірінше, ірі жобаларды жеке кәсіпорындар жүзеге асырғанымен, салмағы қарапайым халыққа түседі.

Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкі жалпы сомасы 9,4 миллиард доллардан асатын 280 жобаны қаржыландырған екен. Оның жартысынан астамы жеке секторға тиесілі.

Сонымен қатар елордада мектеп салатын құрылыс компаниясы білім ошағын 7,5 миллиард теңгеге бағалапты. Ал мемлекеттің осындай мектепке бекіткен бағасы 2 миллиард теңгеден аспайды.

Сол себепті сырттан қарызға алған қаржыны босқа шашпай, орнымен жұмсаған жөн дейді депутат.

"Сондай-ақ Семей қаласында қоқыс өңдейтін полигонды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша 6,8 млрд теңгеге салу жоспарланған. Дәл осындай полигон Батыс Қазақстан облысында небәрі 200 млн теңгеге салынды. Сонда Семейлік қоқыс төгетін орын Оралдағыдан 34 есе қымбатқа шығайын деп тұр! Сала өкілдері де жобаның құны қолдан өсірілгенін айтады", - дейді "Ақ жол" фракциясының мүшесі Андрей Линник.

Телеарнаның мәліметіне сенсек, осыған дейін әлеуметтік желіде Семей қаласындағы "Келешек" мемлекеттік мекемесінің басшысы Мақсұт Нигметовтың хаты жарияланған.

Кәсіпорын басшысы сыбайлас жемқорлықтың кесірінен полигон құрылысы бірнеше есеге қымбаттағанын мәлімдеген еді.

Е. Карин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1905668-deputat-elimizdin-syrtqy-qaryzy-160-mldr-dollarga-zetkenin-aityp-dabyl-qaqty/