RU

Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттері мереке күндері жұмыс істемейді

Өткізу бекеті
Фото: instagram.com/shekaraknbkz

Қазақстан-Қытай шекарасындағы кейбір өткізу пункттері уақытша жұмыс істемейді. Бұған мамыр айындағы мерекелер себеп деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Нұр Жолы", "Достық", "Бақты" автокөлік өткізу пункттері 2021 жылғы 1, 7 және 9 мамырда яғни алдағы мереке күндері жұмыс істемейді.

"Қазіргі уақытта Қазақстан-Қытай шекарасында 2 темір жол ("Достық" және "Алтынкөл") және 3 автокөлік ("Нұр Жолы", "Достық", "Бақты") өткізу пункттері жұмыс істейді, жалғасып жатқан карантиндік шектеулерге байланысты бұл пункттер арқылы тек жүктер мен тауарларды ғана өткізу жүзеге асырылады", – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдаған еді.

Кездесуде Қазақстанның қытайдан вакцина алуды жоспарлап отырғаны айтылды.

Сонымен қатар президент екіжақты сауда және инвестициялық байланыстарды орнықты және теңгерімді даму деңгейіне шығару үшін Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің жұмысын қалыпты режимге қайтаруға, пандемиядан кейінгі кезеңде олардың өткізу қабілетін арттыруға қатысты ұсыныстар айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтар мен жүк тасымалдайтын тұрақты әуе рейстерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1910115-qazaqstan-qytai-sekarasynda-otkizu-punktteri-mereke-kunderi-zumys-istemeidi/