Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ақорда.
"Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде.
Сонымен қатар президент "біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән" екенін жеткізді.
"Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын", - деді мемлекет басшысы
Тоқаев Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімді екенін атап өтті.
"Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын", - деді Қазақстан президенті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1910438-toqaev-qyrgyz-tazik-sekarasyndagy-qaqtygysqa-qatysty-malimdeme-zasady/