Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жер туралы: Сенат атышулы 48-бапқа өзгеріс енгізіп, кері қайтарды

Опубликовано:

Жылқылар
Көрнекі фото: pixabay.com

Ауылшаруашылық жерлерін сатуға және жалға беруге тыйым салынған заң жобасын сенат қабылдамады. Жоғарғы палата Мәжіліс пен үкімет әзірлеген құжаттан бірқатар шикілік тауыпты деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, орман өсіруге арналған жерлерді шетелдіктерге жалға беруді құптаған мәжілісмендердің ісіне әріптестері аң-таң болған.

Олар атышулы 48-бапқа өзгеріс енгізіп, мәжіліске кері қайтарыпты. Көпшіліктің жаппай қарсы шығып жатқаны да осы баптағы өзгерістер болатын.

Президент ешбір шетел азаматына жер сатылмайды, жалға берілмейді десе де, мәжілісмендер 48-баптың 2-тармағына өзгеріс енгізген.

Мәжілісмендер екі отырыста бұл тақырыптың тереңіне аса бойламаған, алайда 29 сәуір күні сенат депутаттары қоғамның ашуын туғызған тармақты өзгертті.

"Сенат депутаттарынан екі ұсыныс түсті, олар салыстырмалы кестеге енгізілді. Аталған ұсыныстар бойынша жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстанның азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстанның заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексінің 48-ші және 128-бабына енгізу ұсынылып отыр", - дейді сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев.

Шетелдіктерге жалға берілген жерлер 2025 жылға дейін мемлекетке кері қайтарылады. Бүгінде сондай ауыл шаруашылығының 75 мыңдай гектар жеріне жеті біріккен кәсіпорын, бұдан бөлек, 18,5 мың гектар жерге екі шетелдік тұлға иелік етіп отыр.

"Оның ішінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына арналған ауданы 5,9 мың гектарды 1 кәсіпорын, Павлодар облысында ауданы 32,2 мың гектар ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жері бар 1 кәсіпорын, Атырау облысында 1,6 мың гектар жер 1 кәсіпорында және Ақмола облысында жалпы алаңы 34,7 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4 кәсіпорын бар", - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Жаңа заңға сәйкес, мораторий енгізілгенге дейін шетел азаматтарына берілген және жекенің қолына өткен жерлер толық мемлекетке кері қайтарылуы тиіс. Қандастарға да бұл заң қатаң, оларға Қазақстан азаматтығын алғанша ауыл шаруашылығы жерлері жалға берілмейді. Бірақ қандастардың жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысына жер учаскесін алуға мүмкіндігі бар.

Елімізде жер мәселесі бес жыл бұрын көтеріліп, сол кезде жер шетелдіктерге сатылады деп мәлімдеген үкіметке халық қарсы шығып, ақыры мораторий енгізілген еді. Заңның атышулы баптарына қатысты енгізілген шектеу мерзімі 2021 жылдың желтоқсанында аяқталады.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1910459-zer-turaly-senat-atysuly-48-bapqa-ozgeris-engizip-keri-qaitardy/

pixel