RU

Елімізде вакцина өндіретін зауыттың құрылысын аяқтауға тағы 1,6 млрд теңге қажет

Қаражат
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Мәжіліс депутаттары палатаның пленарлық отырысында Жамбыл облысындағы биофарм зауытының құрылысын аяқтау үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша 1,6 миллиард теңге бөлуге мүмкіндік беретін норманы талқыға салды. Бұған дейін аталмыш құрылысқа 5,3 миллиард теңге бөлінген болатын деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл мәселені депутаттар "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылау кезінде көтерді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оның мекемесі бюджеттік бағдарлама ұйымдастырып, Жамбыл облысы әкімдігіне уақытылы қаражат аударғанын алға тартты. Өз кезегінде әкімдік жобалық-сметалық құжаттар дайындап, байқау ұйымдастырған екен.

"Тапсырыс беруші - Жамбыл облысының әкімдігі. Қазіргі уақытта ғимараттың өзінде құрылыс жұмыстары аяқталды, жабдықтар да жеткізіліп жатыр. Мәселе монтажда, бөлмелерді тазалауда және жабдықты валидациялауда. Жабдықтар жеткізілуде, жабдықтарды валидациялау халықаралық стандарттарға сәйкес 3 ай уақытты алады", - деп түсіндірді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, инактивтелген вакцинаны шығару үшін қосымша жабдық қажет.

"Болашақта адамдар үшін бұл вакцинаның реактивтілігін төмендету мақсатында хроматографиялық тазартуға арналған жабдық сатып алу қажет. Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама аясында қосымша қаржыландыру үшін өтінімдер жіберді.

Сондықтан, жалпы, бұл жоба бойынша Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Тұтастай алғанда, Жамбыл облысы бұл жұмыстардың барлығына тапсырыс беруші ретінде жауап береді, бірақ біз, әрине, бұл жобаға қызығушылық танытпай қоймаймыз, себебі ақша бағдарламаның әкімшісі ретінде біз арқылы өтеді, десе де заңды түрде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы және жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаушы әрі орындаушы Жамбыл облысының әкімдігі болып табылады. Алайда бұл ортақ іс, сондықтан, әрине, біз жауапкершіліктен қашпаймыз.

Бізге, институтқа, GMP сертификаттаудан өтіп үлгерген зауытты өткізу керек. Мұнымен мердігер айналысады - бұл оның техникалық сипаттамасында толықтай көрсетілген. Техникалық сипаттама бойынша мердігер GMP стандарттарына сәйкес сертификаттауға және валидациялауға құқылы арнайы консалтингтік компанияны тартуға міндетті", - деп түйіндеді Білім және ғылым министрлігінің басшысы.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин әңгіме 1,6 млрд теңгенің төңірегінде екеніне баса назар аударды.

"Біз қосымша 1,6 миллиард теңге беріп жатырмыз. Оны кейін кімнен сұрауымыз керек? Бұл зауыт үшін қай министрлік жауап береді? Біз бұл туралы көп айттық. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой PR-науқанды сәтті өткізіп, лента қиылды. Ендігі кезекте өнеркәсіптік өндіріс қашан болатынын нақты айту керек емес пе? БҒМ басшысы: "Менікі емес, мердігерде" дейді. Ал мердігер, түсінуімше, ғылыми саланы терең меңгерген маман емес. Цой болса: "Мен тек бұл өнімді тұтынамын және ұйымдастырамын" дейді", - деп сұрақ қойды Нығматуллин.

Премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов спикердің сұрақтарына жауап берді.

"Жауапкерлішік үкіметке жүктелуде. Үкіметте мұнымен Ералы Тоғжанов айналысып жатыр, министрліктер арасында - Білім және ғылым министрлігі. Бүгінде барлық техникалық жұмыстарды әкімдік жүзеге асырады (Жамбыл облысы - ред.ескертпесі). Ол барлық техникалық жұмыстарды аяқтаған бойда, жобаны Білім және ғылым министрлігінің балансына өткізеді", - деді ол.

Сол арада Алексей Цой тұрғындар вакцинасыз қалмайтынын мәлімдеді.

"Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының алаңында шығарылатын 50 мың доза қазақстандық вакцинаның жеткізілуін күтудеміз. Біз бір ай аралатып 100 мыңға дейін өсіммен ай сайын оларды қабылдайтын боламыз. Болашақта Жамбыл облысындағы алаң іске қосылғанда, аталмыш зауыт бізді жылына шамамен 60 миллион дозамен қамтамасыз ете алады, яғни жыл соңына дейін. Себебі GMP бойынша инспекцияны жүргізу үшін бізге өндірісті және тәжірибелік партияны шығаруды толыққанды іске қосу қажет", - деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1911153-elimizde-vakcina-ondiretin-zauyttyn-qurylysyn-ayaqtauga-tagy-kzt16-mlrd-suratyldy/