RU

Қытай Қазақстан экономикасына 20 млрд долларға жуық қаржы салған

планшет ұстап тұр
Көрнекі фото: pixabay.com

Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция бойынша төртінші орында. Көршілес ел жалпы 20 миллиард долларға жуық капитал салған деп хабарлайды 24.kz.

Бұл туралы Қазақстан мен Қытайдың инвестициялық ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстелде еліміздің Қытайдағы елшісі Ғабит Қойшыбаев мәлімдеді.

Кездесу Сычуань провинциясының әкімшілік орталығы Чэнду қаласында өтті. Форумға Қытайдың 20-дан астам кәсіпорын басшысы қатысқан.

Қазақстандық «Kazakh Invest», «Самұрық-Қазына» және «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері жергілікті бизнесмендерге Қазақстанның инвестициялық климатын таныстырды.

Қытай кәсіпкерлеріне Қазақстанда жеңілдік беру саясаты және инвестициялық ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттары, экономиканың өндіріс және шикізаттық емес салалары бойынша ақпарат берілді.

Қытай бизнесмендері екі ел арасындағы, оның ішінде Қазақстанның Сычуань провинциясымен өзара сауда-экономикалық іс-әрекетті дамыту жоспарын жария етті. 

"Сычуань провинциясының орналасқан жері қолайлы, Еуропа мен Азияны жалғап тұр. Бұдан басқа аймақта ақпараттық технологиялар, цифрлық экономика, чиптер, жартылай өткізгіштер өндірісіне және жаңа энергетикаға инвестиция салынып жатыр. Қазақстан да экономикалық трансформация жасағалы жатқанын естідім. Өз тарапымыздан қолдау көрсетсек дейміз. Болашақта Қазақстандық ғылыми-техникалық өндірістік парк ашуды жоспарлап отырмыз", - дейді Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымы комитетінің төрағасы Ли Пэй.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1911610-qytai-qazaqstan-ekonomikasyna-20-mlrd-dollarga-zuyq-qarzy-salgan/