RU

Вашингтонда жанармай тапшылығы сақталып отыр

Көлік
Көрнекі фото: piqsels.com

АҚШ-тың Вашингтон қаласында жанармай тапшылығы әлі де сақталып отыр. Дефицит Colonial Pipeline отын желісіне жасалған кибершабуылдан кейін пайда болған еді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жағдайды бақылап отырған GasBuddy сайтының мәліметінше, жұма күні АҚШ астанасындағы көлікке жанармай құю стансаларының 88 пайызында бензин болған жоқ.

АҚШ президенті Джо Байден көлік жүргізушілеріне осы демалыс күндері отын жеткізу нормасына келетінін айтып, уәде етті.

Бұған дейін Colonial Pipeline отын құбыры жұмысының толық қалпына келгенін мәлім еткен.

Америка автомобиль қауымдастығының мәліметінше, елде бензииннің орташа бағасы бір галлон үшін 3,04 долларға дейін жеткен. Бұл – 2014 жылдың қазан айынан бері тіркелген ең жоғары баға.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын бопсалау бағдарламасын қолдану арқылы жасалған кибершабуыл АҚШ-тағы ең ірі отын құбырының жұмысын тоқтатып, отын жеткізуге кедергі келтірген. Бейсенбі күні президент Джо Байден хакерлердің Ресей аумағынан әрекет жасағанын, алайда АҚШ бұл кибершабуыл артында Ресей тұр деп санамайтынын мәлімдеген.

Сонымен бірге ол хакерлерді жауапқа тарту қажет екенін айтып, қарсы шаралар қолданатынын жоққа шығарған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1912713-vasingtonda-benzin-tapsylygy-saqtalyp-otyr/