Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президенттің баспасөз хатшысы Тоқаевтың туған күнін қалай өткізетінін айтып берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Бүгін 68 жасқа толып жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін тойламайтын болды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

"Бүгін азаннан бері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері хабарласып, "Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?" деп сұрап жатыр.

Бұл жайында былтыр арнайы түсініктеме берген едік. Дегенмен тағы бір мәрте айта кетейік.

17 мамыр әдеттегідей жұмыс күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан ешқандай іс-шара ұйымдастырылмайды, тіпті, әкімшілік қызметкерлеріне де президентті құттықтауға рұқсат етілмеді. Мемлекет басшысы үшін бүгін қалыпты жұмыс күні. Оның әулетінде балалардың да, үлкендердің де туған күнін тойлау дәстүрі қалыптаспаған.

Қазірдің өзінде көрші мемлекеттердің басшылары және үкімет, парламент, халықаралық ұйымдардың жетекшілері жүрекжарды тілектерін жеделхаттар арқылы жолдауда, сондай-ақ, телефон шалып құттықтауда.

Құттықтаулар толассыз келіп жатыр", - деп жазған парақшасында Берік Уәли.

Еске салсақ, бұған дейін 17 мамырда, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 68 жасқа толып отырғанын жазған едік.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы Алматыда әйгілі жазушы Кемел Тоқаев пен мұғалім Тұрар Шабарбаеваның отбасында дүниеге келген.

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев билікті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына бере отырып, өзінің отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Сол жылдың 20 наурызынан бастап Тоқаев Қазақстанның қазіргі президенті қызметін атқаруда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1912838-prezidenttin-baspasoz-xatsysy-toqaevtyn-tugan-kunin-qalai-otkizetinin-aityp-berdi/

pixel