Депутат тұрғындарға кредит рәсімдеуден "ерікті түрде бас тарту" құқығын беруді ұсынды
Жарияланған күні:
Мәжілісмен қарапайым қазақстандықтар алаяқтардан зардап шегіп, банктерге белшеден қарыз болмауы үшін жаңа тетік енгізуді ұсынды. Ол үшін несиеге мұқтаж емес адам қаржы ұйымдарына барып, одан бас тартатынын хабарлауы керек деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Депутаттардың бұлай дабыл қағуына соңғы кездері алаяқтардың жымысқы әрекеттерінен опық жейтіндер санының артуы себеп болып отыр.
Қолына қандай да бір мәліметтер түсе қалса алаяқтар аянып қалмайды. Сыртынан кредит алып, қомақты қаржыға қарық болып жатыр. Тіпті, өзге қалада отырып-ақ алаңсыз жүрген жандарды қарызға батыруда. Осындай алаяқтықтың құрбаны болғандардың бірі – тараздық Мейрамгүл Заттыбекова.
Оны өз танысы тақырға отырғызып кеткен екен. Іші-бауырына кіріп жүріп, төрт млн теңгеге төрт несие алдыртып, ақыр соңында төлемей, ізім-ғайым жоғалыпты. Әбден аузы күйген келіншек, әділдік іздеп сот табалдырығын тоздырып жүр. Алайда, нәтиже жоқ.
Депутаттар мұндай оқиғалардың көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Мәжілісмен Айгүл Құспан кредиттік алаяқтардың құрбанына айналмас үшін оларды қорғайтын тетік керек дейді. Ол үшін қазақстандықтарға кредит рәсімдеуден "ерікті түрде бас тарту" құқығын беруді ұсынды.
"Азаматтың кредиттен бас тартқаны туралы мәлімет олардың несие тарихында көрсетіледі. Мұндай тыйым болған жағдайда кредиттік мекемелер несие беруден бас тартуға міндетті. Осыдан кейін банк кредитті төлеуді талап ете алмайды", – дейді мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.
Экономистер болса, банктер мен микроқаржылық ұйымдарды бақылайтын, оларды тәртіпке салатын заң қажет деп санайды.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржылық мекемелердің жұмыстарына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Солардың бірі – биометрия!
"Қазіргі таңда қаржы ұйымдары алаяқтардың әрекеттері жайлы хабардар. Осы ретте жеке деректердің қауісіздігі жайлы мәселені нығайту бойынша жаңа тетіктер қарастыруда. Алдағы уақытта "Биометрия" жүйесі енгізіледі. Ол барлық ақпаратты қамтиды және де ол шағын қаржы ұйымдарына жіберіледі. Десе де тұрғындарды құжаттарына сақ болуға шақырамыз!", – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бас маманы Дмитрий Акмаев.
Заң өкілдері қандай жағдай болмасын желі арқылы жеке ақпаратарды жалпақ жұртқа жарияламау қажеттігін ескертеді. Жеке куәлік пен ЖСН нөміріңізге де мұқият болған жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913996-deputat-qazaqstandyqtarga-kredit-rasimdeuden-erikti-turde-bas-tartu-quqygyn-berudi-usyndy/