RU

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисян
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисян. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения президенті Армен Саркисянмен кездесті деп хабарлайды Ақорда.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Армен Саркисян саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса мән бере отырып, қазақ-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, президенттер Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастықтың перспективаларын қарастырып, жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан Армения президентінің осы сапарының маңызды екенін атап өтті.

"Армения – бізге достас мемлекет. Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастар ежелден келе жатқан дәстүрлерге негізделеді. Әрине, біз ықпалдастығымыздың бір жерде тұрып қалмай, жаңа мазмұнмен толыға отырып дамуына мүдделіміз. Сондықтан елдеріміздің үкіметтері мен нақты салалық ведомстволары осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисян
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисян. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті түрлі салалар бойынша қарым-қатынастарды нығайту үшін мол мүмкіндіктер бар екенін атап өтіп, Арменияның үкіметтік делегациясының жуырда Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысын оң бағалады.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы екіжақты ықпалдастықтың жақсы қарқынмен жалғаса беретініне сенім білдірді. 

Армен Саркисян өз кезегінде Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисян
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армен Саркисян. Фото: Ақорда

"Мен үшін Қазақстанға келу – белгілі бір мағынада өз үйіме, достарыма келгенмен бірдей. Өзіңіз айтқандай, біздің халықтарымыз арасындағы қарым-қатынастар өте жақсы және оның тарихи тамыры тереңде", – дейді Армения президенті.

Армен Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан мен Ереван арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор деген пікірімен келісті.

Осы ретте ол сауда, білім беру, жаңа технологиялар, тамақ өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша жасалып жатқан қолайлы шарттарға назар аударып, аталған ынтымақтастықтың мазмұнын байытып, кеңейте беруге ниетті екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1915927-qasym-zomart-toqaev-armeniya-prezidentimen-kezdesti/