RU

Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен келіссөзде не туралы сөйлесті (фото)

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев видеоконференция режимінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Келіссөзде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланып, пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударылды.

Келіссөз
Фото: Ақорда

Одан бөлек, тараптар Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын екенін және сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысатынын мәлімдеді.

БҰҰ Бас хатшысы болса, аталған үдерісті ілгерілетудегі Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның айрықша рөліне тоқталып өтті.

Келіссөз
Фото: Ақорда

Еліміздің президенті БҰҰ Бас хатшысына коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде, QazVac отандық вакцинасының әзірлемесі туралы мәлімет берді. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін халықтың 55 пайызына екпе салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

БҰҰ Бас хатшысы коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын құптады.

Антониу Гутерриш теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптап, бұл, әсіресе, пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отырғанын алға тартты.

Келіссөз
Фото: Ақорда

Келіссөз барысында Тоқаев биылғы қараша айында Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жарияланады.

Өз кезегінде Антониу Гутерриш Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жаһандық мәселені ілгерілетудегі көшбасшылығын жоғары бағалады. Осы орайда Тоқаев БҰҰ Бас хатшысын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамыз айында елімізде өткізілетін халықаралық конференцияға шақырды.

Әңгімелесу соңында тараптар ортақ мүддені көздейтін ауқымды мәселелер бойынша жасалатын тығыз байланыстарды жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1916099-toqaev-buu-bas-xatsysymen-kelissozde-ne-turaly-soilesti-foto/