Тоқаев: Ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі тиіс
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің батысында малдың қырылуына байланысты ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберуді талап етті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Биыл жем-шөппен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін айқын сезіндік. Ауа райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен жағдай ушығып кетті. Әсіресе Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай қиын. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда президент ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер тарапынан тиісті шаралардың қолға алынбағанын ерекше атап өтті.
"Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді", - деп атап өтті президент.
Оның пікірінше, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алмаған.
"Сондықтан осы салаға бірден бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін ", - деп түйіндеді Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1921785-toqaev-auyl-saruasylygy-ministri-otstavkaga-ketui-tiis/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.