"Немен келдіңдер, сонымен кетіңдер": Путин Ресейдің "сыйлықтары" туралы сөз қозғады
Жарияланған күні:
Ресей президенті Владимир Путин "орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі туралы" мақала жариялады деп хабарлайды Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Мақалада Ресей басшысы орыстар мен украиндарды бір халық деп санайтынын атап өтті. Ол Ресей-Украина қатынастарына қатысты өз ұстанымын сөз етіп, қазіргі жағдайға қатысты өз бағасын береді.
KAZ.NUR.KZ Ресейдің аумақтық "сыйлықтары" туралы сөз қозғаған Путиннің мақаласынан үзіндіні назарға ұсынады:
"Қазіргі Украина - бұл толықтай кеңес дәуірінің туындысы. Біз оның тарихи Ресейдің есебінен құрылғанын білеміз және бұл жайтты есімізде сақтаймыз. XVII ғасырда қай жерлер Ресей мемлекетімен қайта біріктірілгенін және Украина КСР-і қай аумақтармен Кеңес Одағынан шыққанын салыстыру жеткілікті.
Большевиктер орыс халқына әлеуметтік тәжірибелерге арналған сарқылмайтын материал ретінде қарады. Олар ұлттық мемлекеттерді мүлдем жойып жібереді деген оймен әлемдік революция туралы армандады. Сондықтан шекараларды өз еркімен кесіп, жомарт аумақтық "сыйлықтарды" таратты. Сайып келгенде, большевиктер көсемдерінің нені басшылыққа ала отырып елді кескілегені енді маңызды емес. Белгілі бір шешімдердің егжей-тегжейі, астары мен логикасы туралы дауласуға болады. Десе де бір нәрсе анық: Ресей іс жүзінде тоналды.
КСРО-да республикалар арасындағы шекаралар, әрине, мемлекеттік шекара ретінде қабылданбады, біртұтас елдің шеңберінде шартты түрде болды, ол федерацияның барлық атрибуттарымен бірге жоғары дәрежеде орталықтандырылған болды - КОКП-ның басшылық рөлі есебінен екенін қайталап айтамын.
Бірақ 1991 жылы барлық осы аумақтар, ең бастысы, онда өмір сүрген адамдар кенеттен шекара сыртында қалды. Олар расымен тарихи отандарынан айырылып қалды. Бұған не айта аламыз? Барлығы өзгереді. Соның ішінде - елдер, қоғамдар. Әрине, халықтың бір бөлігі өзінің дамуы барысында - бірқатар себептерге байланысты, тарихи жағдайларға байланысты - белгілі бір сәтте өзін жеке ұлт ретінде сезінуі мүмкін. Біз бұған қалай қарауымыз керек? Бір ғана жауап болуы мүмкін: құрметпен!
Өз мемлекетіңізді құрғыңыз келе ме? Мархабат! Бірақ қандай шарттармен? Мұнда жаңа Ресейдің ең жарқын саяси қайраткерлерінің бірі, Санкт-Петербургтің алғашқы мэрі А.Собчактың сөзін еске салғым келеді. Жоғары кәсіби заңгер ретінде ол кез келген шешім заңды болуы керек деп есептеді, сондықтан 1992 жылы келесі пікірді білдірді: республикалар - Одақтың құрылтайшылары, 1922 жылғы Шартты өздері жойғаннан кейін, Одаққа кірген сәттегі шекараларына қайта оралуы керек. Қалған аумақтық иеліктердің барлығы талқылауды, келіссөздерді қажет етеді, өйткені оларға қатысты негіз жойылды.
Басқаша айтқанда, немен келдіңіздер, сонымен кетіңіздер. Мұндай логикаға дау айту қиын. Большевиктер, жоғарыда атап өткенімдей, Одақ құрылғанға дейін де өз еркімен шекараларды қайта өзгерте бастағанын және территориялармен барлық манипуляциялар халықтың пікірін ескермей жүзеге асырылғанын қосқым келеді", - деп жазған Путин.
Путин "тарихи қалыптасқан ресейлік территорияларды Ресейге қарсы пайдаланғысы келетіндер осылайша өз елдерін құрдымға кетіретінін" алға тартты.
"Ресейге қарсы" жобамен байланысты барлық қулық әрекеттер бізге түсінікті. Біз ешқашан тарихи территорияларымызды және жақын адамдарымызды Ресейге қарсы пайдалануға жол бермейміз. Ал мұндай әрекет жасағандарға мен осылайша олар өз елдерін құрдымға кетіреді деп айтқым келеді", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1922105-nemen-keldinder-sonymen-ketinder-putin-reseidin-syilyqtary-turaly-soz-qozgady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.