Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Цой Тоқаевқа коронавирус бойынша еліміздің жағдайы мен "Лямбда" штамы туралы есеп берді

Опубликовано:

Алексей Цой
Алексей Цой. Фото: instagram.com/alexey_tsoy

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есебін тыңдады деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өз Facebook парақшасында.

Алексей Цой мемлекет басшысына қазіргі эпидемиологиялық жағдай, екпе егу жұмыстарының барысы және елімізге вакцина жеткізу жөніндегі уағдаластықтар туралы баяндаған.

Ол бірқатар өңірде карантин шараларының күшейтілгені, жұқпалы аурулар стационарлары мен жансақтау бөлімдерінде ем қабылдап жатқан науқастар саны, дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті жабдықтар қоры, вакцина салу қарқыны баяу өңірлерге көрсетіліп жатқан әдістемелік көмек жайында президентке мәлімет берді.

Алексей Цойдың айтуынша, маусым айындағы жағдаймен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында дертті жұқтырғандардың саны 4,8 есеге көбейген. 24 шілдедегі мәліметке сәйкес, жұқпалы аурулар бөлімдерінің 51 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 41 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.

Коронавирусты жұқтырғандар санының көбеюіне және денсаулық сақтау жүйесіне түскен салмақтың артуына байланысты шілде айында қосымша 10 мың төсек-орын әзірленгені алға тартылды. Қазіргі уақытта 21,4 мыңға жуық орын резервте тұр.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Президентке әлемде коронавирус індетінің жаңа "Лямбда" штамының пайда болуы мен таралуы туралы айтты. Бұл вирус алғаш рет 2020 жылғы желтоқсанда Перуде тіркелген. Бүгінде індеттің осы түрін 30 мемлекетте, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінде 3 мыңға жуық адам жұқтырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, жаппай екпе салу қарқынын арттыруды, науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету жұмыстарын, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемді сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1923742-coi-toqaevqa-koronavirus-boiynsa-elimizdin-zagdaiy-men-lyambda-stamy-turaly-esep-berdi/

pixel