Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Қазақстан бауырлас мемлекеттерге барынша көмек көрсетуін жалғастырады (фото)

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысты деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Президент Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан кездесудің ерекше екенін атап өтті.

"Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, біз иық тіресе, бір-біріміздің табыстарымызға қуанып, қиын кезеңдерде өзара қолдау көрсетіп келеміз. Солай болуы – заңдылық. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыз, рухани жақындығымыз, ортақ салт-дәстүрлеріміз байланыстырып келеді. Мемлекеттер басшыларының Консультативтік кездесу форматы аймақтың ынтымақтастығына серпін береді. Нұр-Сұлтан мен Ташкентте өткен саммитердің нәтижесінде байланыстарымыз тұрақты, дәстүрлі, ең бастысы, өзіндік сипаты қалыптасты. Аймақтағы ынтымақтастықты арттырудың негізі – жоғары деңгейдегі сенімді диалог", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Тоқаев мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың нығая түскенін атап өтті. Айтуынша, бірлескен кәсіпорындардың саны артып, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ірі жобалар іске асырылып келеді.

"Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы соңғы бес жылдың ішінде бір жарым есе артып, 4,6 миллиард долларды құрады. Жүйелі диалог және үйлесімді іс-әрекеттер – ортақ мәселелерді шешудің тиімді әрі баламасыз тетігі", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды.

"Елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыру, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады. Мұндай қор аймақтың басқа да елдерінде бар екеніне сенімдімін.

Орталық Азияның көлік дәліздеріне интеграцияланған тауар өткізудің бірыңғай желісін құруда күш жұмылдыруды ұсынамыз. Бұл көтерме-бөлу және агрологистикалық орталықтардан тұратын жаңа инфрақұрылым тауарларымызды Еуразия экономикалық одақтың, ТМД және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде өз нарығымызды да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Баяндамада коронавирус пандемиясының сынағы кезінде халықтарымыздың бірлігі мен бір-біріне деген көмегі туралы айтылды.

"Қазақстан достық пен ынтымақтастық аясында бауырлас мемлекеттер мен халықтарға барынша көмек көрсетті және жәрдемдесе де береді. Ғылыми-зерттеу саласында жинақталған тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз. Түрікменстан Президентінің вирусология және эпиемиология орталығын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Шын мәнінде осы салада ғылыми ынтымақтастықты күшейту маңызды. Жақында қазақ вакцинасы Қырғызстанға жіберілді. Ресейлік "Спутник-V" вакцинасын өндіру де жолға қойылды", – деді мемлекет басшысы.

Алдағы уақытта бауырлас халықтарды жақындата түсуде мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдар маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақтап, күшейту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыру жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

"Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – елдеріміздің жастары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды кеңейтуді, олардың жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақты қолдауды, Орталық Азия азаматтарының Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңызды деп есептейміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Консультативтік кеңесте сондай-ақ Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Наталья Герман сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1925953-toqaev-qazaqstan-bauyrlas-memleketterge-barynsa-komek-korsetuin-zalgastyrady-foto/

pixel