Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кабул әуежайындағы дүрбелең: Мыңдаған адам Ауғанстан астанасынан қашуға тырысуда (видео)

Жарияланған күні:

Ауғанстан
Кадр: Twitter/@saadmohseni

Мыңдаған ауғандық пен шетел азаматы Ауғанстан астанасынан кету үшін Кабул әуежайының ұшу-қону жолағына ағылды. Олар ең болмағанда ұшақ ішінде тұратын орын іздеп сабылуда деп хабарлайды The Guardian.

Тәліптер президент сарайына қоныстанғаннан кейін және ел президенті болған Ашраф Гани елден кеткен соң, Кабул орталығынан бес шақырым жерде орналасқан Хамид Карзай атындағы әуежайға енді тек "Талибан" қозғалысының бақылау бекеттері арқылы кіруге болады.

АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада және басқа да көптеген коалициялық ел өз азаматтарын Ауғанстаннан көшіруге тырысуда.

Әуежайдан түсірілген видеолардан адамдардың әуежай ғимаратына баса-көткеп кіріп жатқаны байқалады.

Мыңдаған адам, соның ішінде кішкентай балалары бар ата-аналар, ұшу айлағында тұрған ұшақтарға ағылуда.

Ал НАТО өкілі барлық коммерциялық рейстер тоқтатылғанын және тек әскери ұшақтар ғана ұша алатынын мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.

Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді.

Күні кеше "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулға кірді, бірақ шабуыл жасамады. Билікті бейбіт жолмен беру туралы келіссөздер басталды.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.

Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.

Сол арада "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927315-kabul-auezaiyndagy-durbelen-myndagan-adam-auganstan-astanasynan-qasuga-tyrysuda-video/