RU

Елімізде дизель отынының тапшылығы күтіле ме: Сарапшы пікірі

Дизель
Фото: Depositphotos

Қазақстанда алдағы уақытта дизель отынының тапшылығы күтіле ме? Көптің көкейінде жүрген бұл сұраққа отандық сарапшы Ерлан Жаукин inbusiness.kz сайтында жария еткен мақаласында жауап беруге тырысты.

Назарларыңызға сарапшы мақаласының толық нұсқасын ұсынамыз:

"Тамыздың ортасы да келіп қалды. Жанар-жағармай отынының нарығы айтарлықтай қалыпты. Әйтсе де Қазақстанның аймақтарында дизельдік отын қорының деңгейі аса көп еместігін есепке алу керек.

Қазақстанда дизельдік отынды өндіру және тұтынудың болжамды көлемі тамызда үйлесімді сипатқа ие. Яғни қазақстандық мұнай-өңдеу зауыттарында дизель өндірісінің күтілген көлемі осы айдағы нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Оның үстіне қуаңшылығымен өтіп бара жатқан жазда шаруаларға көмектесу үшін Үкімет шөп шауып алсын деген мақсатпен қосымша 43 мың тонна дизель отынын бөлген болатын. Дизельдің бұл көлемі толығымен шілде мен қазан айларының аралығына арналып бөлінген 396 мың тонна жеңілдетілген дизель отынына қосылды.

Жалпы шаруалардың қажеттілігіне бөлінетін дизельдік отынның көлемі жылдан жылға шамамен 5-10% артып келе жатқанын атап өту керек. Оған қоса көп жағдайда жеңілдетілген дизель коммерциялық нарықта коммерциялық бағамен сатылатын жағдайы жиі тіркеледі. Арзандатылған дизельдік отынмен қамтамасыз ету бағдарламасын іске асыру міндеті бизнестің мойнына ілінетінін ескерсек, жеңілдетілген дизельді қайта сату факттары мұнай бағасының белгіленуіне де әсер ететінін ұмытпау керек. Ақыры шаруаларға сонда нақты қанша көлемде дизель отыны керек деген сұрақ та күн тәртібіне шыға бастайды.

Өндіріс жоспары мен тұтыну болжамына қайтып оралсақ. Демек шөп шабу үшін дизельдің қосымша көлемін жеткізу мақсатында дизель нарықтан алынып, шаруаларға жолданады. Ал бөлшектік нарық пен өнеркәсіптің жекелеген салалары өзіне қажетті көлемде дизельдік отынға қол жеткізе алмай қалады. Ал 43 мың тонна дизель дегеніміз – бүкіл Қазақстанның үш күндік қажеттілігі.

Жақын келешекте не болады? Жоғарыда айтылғандай, дизель өндірісі мен тұтыну көлемі бүгін де теңдестірілген. Бірақ бұл ретте естен шығармайтын бір жайт бар. Қыркүйектің екінші жартысында ПМӨЗ жоспарлы жөндеуге тоқтатылады. Бұл жөндеу жұмыстары бұған дейін де кейінге қалдырылған. Янғи бұл жолы оны кейінге қалдыру мүмкін емес. ПМӨЗ тоқтауын күтудің салдары ел өңірлеріндегі дизель отыны қорының салыстырмалы түрде төмен деңгейі және шаруалардың мұқтаждықтары үшін дизель отынын жеткізуге квоталардың ұлғаюы аясында дизель отыны тапшылығының туындау қаупін ұлғайтады.

Тапшылықтың салдарын Ресейден келетін импортпен жабуға болар еді. Бірақ Қазақстанға жеткізу құнымен бірге ресейлік дизельдің ең төменгі бағасы бүгінгі күні шамамен 215-217 тг/литрді құрайды. Бұл шекарадағы баға. Ел өңірлеріне отын жеткізу шығындарының құнын ескерсек, тіпті қосылады. Қазақстанның ЖМҚС-дағы дизельдің орташа бағасы бүгінгі күні 197 тг/литрді құрайды. Біздің нарықтағы осындай жағдайды есепке ала отырып, ешкім де Ресейден дизель отынын тасымалдау тәуекеліне бара қоймайды.

Мен қазақстандық бөлшек сауда нарығының жалпы әлемдік нарықтан, тіпті жақын көршілеріміздің нарықтарынан артта қалуы жақсылыққа әкелмейтінін бірнеше рет атап өткен едім.

Бүгін бізде не бар? Үкімет ЖЖМ-ды көліктің барлық түрімен әкетуге тыйым салу жөнінде шаралар қабылдады. Бірақ күн сайын елдің Ресеймен шекаралас аймақтарына дизель отынын шығару туралы сигналдар түсіп жатыр. Неліктен? Ресейде де, Қазақстанда да дизель отынына тұрақты сұраныс байқалады. Ал шектес нарықтарда дизель ресурстарының шектеулілігі жағдайында отынды кім алады? Дұрыс!!! Кім көп төлейді - сол алады. Бұл заңсыз болсын, бірақ бұл көп ақша табу мүмкіндігі. Кәдімгі адамның ашкөздігі. Одан басқа ештеңе жоқ.

Қарапайым арифметика - Ресейдің Новосибирск облысында 1 литр дизель отынының құны- 49,7 рубль немесе 289 теңге. Қазақстандық ЖҚС бағасы - 197 тг/литр. Айырмашылық шамамен 90 тг/литр. Қазақстанда бөлшек сауда бағасы әкімшілік әдістермен тежелген және дизель отынының нақты нарықтық көтерме бағасы бөлшек бағадан асып кеткен жағдайда бизнес көлеңкеге кетеді.

Мен қазақстандық заңнаманың бұзылуын ақтамаймын, бірақ "жынды бөтелкеден" шығаратын кез келді. Әйтпесе дизель ағыны өнеркәсіптік ауқымға айналады, өйткені немқұрайлы бизнестің тәбеті тамақтану кезінде де келеді.

Нарықтық механизмдер осы нарықтың өз балансын табуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бөлшек сауда бағасын ұстап тұру қазіргі проблеманы тек бүгін шешуге мүмкіндік береді. Ал ертең не болады?

Егер дизель отынымен жағдай біршама алаңдаушылық тудырса да, елдегі бензин бойынша ахуал жаман емес. Мұнай базаларында бензин қоры өсіп келеді. Зауыттар бүгін де оны жеткілікті мөлшерде өндіреді. Бұл жағдай Павлодар МӨЗ-ін жоспарлы жөндеуі аясында өңірлерде қорларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ҚР-да Аи-92 бензинінің орташа құны 172 тг/литр шамасында. Бұл біздің табысы төмен тұрғындар үшін жоғары баға деп айтуға болады. Бірақ көрші Ресейде 92-ші литр 41,8 рубль немесе 242 теңге/литр, Қырғызстанда – 272 теңге/литр. Яғни, Қазақстанның ЖМҚС-да Аи-92 бензинінің құны Ресей мен Қырғызстанға қарағанда тиісінше 70 және 100 тг/литрге төмен. Тіпті елден көрші мемлекеттерге отын шығаруға қатаң тыйым салу жағдайында да арзан қазақстандық бензиннің жылыстау қаупі өте жоғары.

Қазақстандық Аи-92 бензинінің экспорттық құны оның елдің ішкі нарығындағы құнынан 2 есе артық. Атырау МӨЗ өндірісінің Аи-92 бензинін экспорттық жеткізу экономикасының есебі тамыз айында Атырау бензинінің экспорттық және ішкі бағасы арасындағы айырмашылық шамамен 480$/тн немесе 1 литрге 153 теңгеден астамды құрайтынын көрсетеді.

Елдегі бензиннің қазіргі бағасы нарықтық механизмдермен емес, таза әкімшілік әдістермен реттеледі. Бұл реттеу мұнайды ішкі нарыққа арзан бағамен жеткізуді қамтамасыз етуге мәжбүр болған мұнай өндіруші компаниялардың экономикасына айтарлықтай әсер етеді", - деп жазды өз мақаласында Ерлан Жаукин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927387-elimizde-dizel-otynynyn-tapsylygy-kutile-me-sarapsy-pikiri/