Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ерлан Қарин ауған еліндегі тұрақсыздықтың Қазақстанға қаупі туралы пікір білдірді

Опубликовано:

Ерлан Қарин
Видеодан кадр: Youtube/Нартай Аралбайұлы

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин сарапшы ретінде Ауғанстандағы тұрақсыздықтың Қазақстанға әсері туралы пікір білдірді. Журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында ол бұрынғы ауған үкіметінің неліктен тәліптерден жеңіліс тапқаны жайында ойымен бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ерлан Қарин сұхбатта саясаткер емес, сарапшы ретінде жеке пікірін жеткізді. Президенттің көмекшісі Ауғанстанға жиі іссапармен барып, күштік құрылымдарының басшыларымен түрлі сұхбат ұйымдастырғанын еске алды.

"Бұл аймақ маған жақсы таныс. Ауғанстанда 7-8 рет болдым, жиі барып тұрдым. Соңғы рет болған сапарымызда Ауғанстанда күштік құрылымдардың басшыларымен кездестік, түрлі сұхбаттар ұйымдастырдық.

Бұрынғы ауған үкіметі және әскері неліктен жеңіліп қалды деген сұраққа келер болсақ, айтарлықтай соғыс қимылдары болған жоқ, олардың майдан болып екі жаққа бөлініп шайқасқанын көрген жоқпыз. Үлкен-үлкен қалалары қоршауға алынып, біраз уақыттан кейін ол қалалар беріліп жатты. Болды. Шын мәнінде оның себебі неде? Оның себебі бұрынғы ауған элитасы ішіндегі ынтымақтың жоқтығы, бұрын да ауызбіршілік болмаған еді.

Ауған элитасы әртүрлі діни, ұлттық тағы басқа топтарға бөлінген еді. Елде әртүрлі діни-нанымдары бойынша бөлінген көптеген ұлт тұрады. Ауған қоғамы қандай күрделі біркелкі емес болса, ауған элитасы да сондай болды. Бұрынғы кездері Ауғанстанда жеке аймақтарда әртүрлі дала командирлері болатын. Билікті сол командирлер арқылы жүргізетін. Атақты Ахмад Шах Масуд, Генерал Дустум секілді жеке дара үлкен фигуралар болатын. Соңғы 20 жылда жүргізілген америкалықтардың саясатының нәтижесінде осы дала командирлерінің ықпалы әлсіреді. Одан кейін олар ығыстырылды. Сөйтіп ауған элитасында осындай ірі фигуралар қалмады.

Тәліптер шабуыл жасаған кезде оларға қарсы тұратын күштер жиналмай қалды. Ең соңында тәліптер ең үлкен қалаларды оңай басып алды. Міне негізгі себептердің бірі. Бірақ оның қосымша басқа да себептері бар. 20-30 жыл бұрын сыртқы күштердің ықпалы күшті болатын. Әрбір топтың артында белгілі сыртқы күштер тұратын. Бұл жолы сыртқы ойыншылар артқа шегіне салды. Аса кіріспеді. Ауғанстанда бұл жағдайдың орын алу себебі айналасын қоршап тұрған үлкен мемлекеттер бұл жолы өзара белгілі бір компромиске келе салды", - дейді Ерлан Қарин.

Сұхбат барасында саясаттанушы Ауғанстаннан Орталық Азия мемлекеттеріне қандай да бір төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді атады.

"Ауғанстаннан Орталық Азияға тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Тәліптер - Орталық Азия республикаларына баса-көктеп кіреді немесе шабуыл жасайды деген қауіп жоқ. Бірақ Ауғанстандағы жағдай Орталық Азия мемлекеттеріне төнетін әртүрлі қатерлердің алғышарттарын қалыптастырады. Көршілес үлкен мемлекетте тұрақсыздық болып жатса, әрине, бұл тұрақсыздықтың салдары тиюі ықтимал, босқындардың легі болуы мүмкін, сосын түрлі заңсыз әртүрлі топтардың әрекеттері, есірткі тасымалы, қару-жарақ бар, олардың Орталық Азия республикаларына ену қауіпі бар.

Белгілі бір мемлекетте бақылау әлсіресе, әрине оны тежеп, ұстап тұру қиын. Екіншіден Ауғанстан территориясына бұрын әртүрлі радикалды топтардың паналауына жол ашқан болатын. 1990-2000 жылдардың басында Ауғанстандағы соғыс түрлі радикал топтардың сол елдің территориясын паналауына, ол жерде тығылып, өз жақтастарын жинауына мүмкіндік берді. Тіпті Орталық Азия республикаларындағы радикалдар Ауғанстанға бет бұрып, барып сол жердегі радикалды топтардың қатарына қосылған болатын. Осы секілді қауіп-қатер бар", - дейді ол.

Ерлан Қарин қазіргі таңда еліміздің ауған босқындарын қабылдау мүмкіндігі туралы сұраққа да жауап берді.

"Бұл сұраққа сыртқы істер министрлігі тарапынан бірден жауап айтылған болатын. Күн тәртібінде ондай мәселе жоқ. Телефоннан қарап отырғанымыздай, Кабул әуежайынан адамдар әскери ұшаққа іліне алмай сыртына жабысып, шассиден құлап жатыр. Ауғанстаннан қазір ешкім шыға алмай отырған жағдайда, тіпті алып мемлекеттер өз дипломаттарын өз елдеріне алып кете алмай отырғанда ол жақтан қандай босқындарды алып келуі мүмкін?

Егерде ондай мәселе туындайтын болса, халықаралық деңгейде бәрі талқыланады. Ешкім де бас тартып отырған жоқ. Бірақ дәл қазір күн тәртібінде ондай мәселе жоқ. Ауғанстаннан шетелдік азаматтар да шыға алмай отыр, босқындарды айтпағанда. Барлық пункттері шекара бойында жабық", - дейді Ерлан Қарин журналист сауалына.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1928045-erlan-qarin-augan-elindegi-turaqsyzdyqtyn-qazaqstanga-qaupi-turaly-pikir-bildirdi/

pixel