Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Біз Ауғанстанның жаңа билігімен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

"Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер", - дейді президент.

Мемлекет басшысы ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестерімен тығыз байланыста отырғанын атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев егер мемлекеттер мен үкімет басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайын екенін жеткізді.

"Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін", - дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайтынын айта кетті.

"Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз.

Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек.

Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек", – дейді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1931220-toqaev-biz-auganstannyn-zana-biligimen-konstruktivti-bailanystar-ornatuga-daiynbyz/

pixel