Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Біз жаһандық өзгерістерге жақсылап дайындалуымыз керек

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дәсүрлі қонақжайлылығы мен Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді, сондай-ақ, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиді туған күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы биыл ұйым үшін ерекше жыл екенін және осыдан жиырма жыл бұрын тарихи қадам жасалғанын, яғни ШЫҰ-ны құру туралы Декларация қабылданғанын атап өтті. Қазақстан Президенті ХХІ ғасырдың басында негізі қаланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының еуразиялық кеңістіктегі халықтардың қауіпсіздігі мен өсіп-өркендеу жолындағы тиімді ынтымақтастыққа деген ұжымдық ерік-жігерін бүкіл әлемге танытқанын айтты.

"Ортақ күш-жігердің арқасында ШЫҰ әлемдегі табысты әрі беделді өңірлік бірлестікке айналды. Аталған ұйым жауапкершілік тұрғысынан зор демографиялық, қаржылық, шикізат ресурстарына, сондай-ақ, қуатты технологиялық әлеуетіне сүйенеді. Ауқымды нормативтік-құқықтық базасы қалыптасып, барлық деңгейдегі ықпалдастықтың тиімді тетіктері жолға қойылған. Ұйымның халықаралық байланыстары жылдам кеңейіп келеді. Үндістан мен Пәкістанның қосылуы ШЫҰ-ның күшеюіне ықпал етіп, оның жұмысына трансеуразиялық сипат бергені сөзсіз. Иранды толыққанды мүшелікке қабылдау рәсімінің басталғаны туралы шешім, сонымен қатар, Мысыр, Сауд Арабиясы және Қатар елдеріне диалог бойынша серіктестер мәртебесінің ұсынылуы Ұйымның Таяу Шығыстағы беделін одан әрі арттыра түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, мұның бәрі «Шанхай рухы» ынтымақтастығының өзектілігін және бірегейлігін нақтылай түседі.

"Бұл – халықтардың «құқық күштінің жағында» дегенді жоққа шығаратын, теңқұқықты ынтымақтастыққа және жаһандық күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселе бойынша тиімді ықпалдастыққа негізделген ұжымдық рух. Бірлікті көздейтін осы рух дамудың түрлі моделіндегі және әлемдегі ахуалға қатысты негізгі мәселелер жөнінде әртүрлі көзқарас ұстанатын елдерді ұйыстырады. Сонымен қатар, ол ортақ игілік үшін бірлесе жұмыс істеуге, халықтардың тарихи және саяси дәстүріне, олардың тұрмыс-салты мен менталитетіне қарамастан, жасанды стандарттар мен критерийлерді тықпалауға қарсы шығуға мүмкіндік береді", – деді Қазақстан Президенті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ әрдайым ашық әрі транспарентті құрылым болып қала береді деп санайды. Оның қызметі өзге елдердің мүддесіне қарсы бағытталмаған. Қазіргі уақытта Ұйым дамудың мүлде жаңа кезеңіне аяқ басқалы отыр. Бұл қадам халықаралық жүйенің ауқымды өзгерістерімен тұспа-тұс келеді.

"Әлемдегі деструктивті үдерістер коронавирус пандемиясы басталғалы бері күшейе түсті. Бұл жер шарындағы адамдардың денсаулығына ғана емес, сондай-ақ, әлемдік экономикалық және саяси жүйенің негізіне зиянын тигізді. Ауғанстандағы кезекті жағдай көптеген елді, ең алдымен, көршілес мемлекеттерді жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет қалдырып, өңірдегі ахуалды бірден өзгертіп жіберді. Мұндай жағдайда біз жаһандық өзгерістерге жақсылап дайындалуымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының маңызды бағыттары жөнінде өз ой-пікірін ортаға салды. Оның пікірінше, қазіргі кезде өңірлік қауіпсіздік мәселесі өте өзекті болып отыр.

"Бұл сала бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгені қуанышты жәйт. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер  ынтымақтастығының терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Аталған бағдарламаны бүгін бекітеміз. Сонымен қатар терроризм мен экстремизмді қаржыландырушы заңсыз есірткі айналымы мен есірткі бизнесіне қарсы тиімді күрес жүргізу үшін бірлескен іс-қимылдарды жалғастыруға дайынбыз. Соңғы жылдары киберқауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шықты. Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ШЫҰ Орталығының тезірек құрылуы маңызды мәселелерге толық жауап береді және Ұйымның ақпараттық кеңістігінің қорғалуын күшейте түседі. Экономикалық саладағы трансұлттық қылмыстар өткір проблема болып табылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ШЫҰ
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бүкіл әлемде және Душанбедегі саммит алаңдарында кеңінен талқыланып жатқан ауған мәселесіне арнайы тоқталды.

"Қазақстан болашақ Ауғанстанды өз ішінде және көршілес елдермен, шын мәнінде, бейбіт өмір сүретін тәуелсіз әрі біртұтас мемлекет болады деп санайды. Тағдырдың тәлкегіне түскен осындай тарихи сәтте көпұлтты Ауғанстан халқы шектен тыс қиыншылықтармен бетпе-бет қалмауға тиіс. Ықпалы зор  ШЫҰ бұл елде бейбітшілік пен келісімнің үстемдік құруы үшін  белсенді рөл атқара алады және атқаруы қажет деп санаймын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана қазіргі қауіпке қарсы күресте өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз. Қазақстан өз тарапынан деструктивті идеология ағынының, есірткі тасымалының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшудің жолын кесу үшін өңірлік серіктестерімізбен арадағы ықпалдастықты кеңейтеді", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның гуманитарлық және экономикалық проблемаларды бастан өткеріп отырған Ауғанстанға барынша көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

"Қазақстанның инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Ауғанстанға  халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ-ның гуманитарлық «хабын» ұйымдасыруды ұсынамыз. Бұл қадам аймақтағы өткір мәселелерді шешу ісіндегі біздің Ұйымның рөлін арттыруға, сондай-ақ, БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметіне үйлесімді түрде атсалысуға ықпал ететініне сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

Коронавируспен күрес халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Қазақстан Президенті ШЫҰ бойынша серіктестері пандемияның ең ауыр кезеңінде өзара гуманитарлық көмек көрсете отырып, шын мәнінде, ізгіліктің үлгісін көрсеткенін ризашылықпен атап өтті.

"Халықтың жаппай иммунитетін арттыру арқылы ғана пандемияны еңсеру мүмкін болады. Сондықтан БҰҰ терминологиясын қолдана отырып, біз «кейбіреулерді артта қалдыруға» жол бере алмаймыз. Бұл ретте Қазақстан алғашқы сынақтан өткен өзінің QazVac вакцинасын ұсынады. Клиникалық сынақтар оның тиімділігін дәлелдеді. Біз аталған препаратты көрші елдерге гуманитарлық көмек ретінде тасымалдай бастадық. Сонымен қатар Қазақстанның Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano әзірлемелері COVID-19 індетіне қарсы үміткер вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде вакцинация төлқұжаттарын өзара тану рәсімінің жеделдетілуі және олардың көпжақты жүйеге біріктірілуі елдеріміз бастан өткеріп отырған қиындықтарды еңсеруге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ШЫҰ
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, коронавирус кезеңінен кейінгі қалпына келтіру үдерісі ШЫҰ кеңістігінде сауда-экономикалық ықпалдастық саласындағы ахуалды қайта електен өткізуге мүмкіндік береді.

"Мәселе аймақаралық ынтымақтастықтың кейбір көрсеткіштерін қалпына келтіруге қарағанда ауқымдырақ. Макроүрдістерді талдап, қауіптерді бағалау керек және  осының негізінде жүйелі шешімдер қабылдау қажет. Ұйым Хатшылығына ШЫҰ-ға қарасты Экономикалық талдау орталықтарының консорциумымен бірлесіп, тиісті жұмыстарды жүргізуге және келесі Саммитке дейін ой-тұжырымдарын ортаға салуға тапсырма беруді ұсынамын. Келісілген бірлескен экономикалық жобаларды тезірек жүзеге асырудың бірыңғай қаржылық тетіктерін тезірек іске қосуды қамтамасыз ету маңызды деп санаймын. Өкінішке қарай, оның «тұралап қалуы» Ұйымға мүше елдердің іскерлік орталардағы беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы қор нарығы мен қаржы технологиясын дамыту жөніндегі ықпалдастықты маңызды әрі перспективті бағыт ретінде атады. Ол ШЫҰ-дағы серіктестерін Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды. Қазақстан осы Орталық аясында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың түрлі форматын ұсынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларына пандемия мен наурыз айында Суэц каналында болған оқиға теңіз арқылы жүк тасымалдаудың стратегиялық тұрғыдан ақсайтынын көрсетіп бергенін еске салды. Осындай оқиғалар трансконтинентальді құрлықтық бағыттардың, ең алдымен, «Жаңа Жібек жолының» оңтайлы екенін айтарлықтай нақтылай түсті.

"Біз көлік-транзиттік артықшылығымызды толық іске асыруға кедергі келтіретін бірқатар мәселені бірлесіп шешуіміз керек. Ең алдымен, ШЫҰ-ға мүше елдердің көлік инфрақұрылымының даму деңгейлерінің айтарлықтай айырмашылығы туралы сөз қозғап отырмыз. Сондықтан, мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделерін толық ескеру негізінде ұлттық инфрақұрылымдық стратегиялардың прагматикалық синергиясы ортақ мүдделерге сай келер еді. Төтенше жағдайлар кезінде көліктердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылу бұл бағыттағы маңызды қадам болады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлемдік экономиканың «жасыл жолаққа» түсуі жүйеқұраушы факторға айналып отырғанын атап өтті. Тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау мәселелері Ұйымға мүше мемлекеттермен қатар барлық елдің басты назарында тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1932606-prezident-syu-muse-memleketter-bassylary-kenesinin-otyrysyna-qatysty/

pixel