Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Борышкер 5 адам өлтірді: Депутаттар кредит мөлшерлемесін төмендетуді талап етті

Жарияланған күні:

Атыс болған жер
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Мәжілістің бір топ депутаты күні кеше Алматыда болған жағдайдан кейін "Жеке тұлға банкроттығы" туралы заң жобасын дайындап, несие мөлшерлемесін төмендетуді талап етті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ақ жол" фракциясының депутаттары Алматыда борышкердің қолынан қаза тапқан бес адамның отбасына қайғырып көңіл айтты.

"Құқық қорғау органдарын жіті тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтауға шақырамыз. Себебі қанішердің бұған дейін де заңбұзушылықтары болғаны туралы ақпарат пайда болды", - деді мәжіліс депутаты Андрей Линник премьер-министрдің бірінші орынбасары мен қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында.

Десе де, халық қалаулысының сөзінше, кешегі болған қайғылы оқиға тек полиция тарапынан ғана емес, қаржы реттеушілердің де мұқият зерттеуін талап етеді.

Себебі бұған борышкердің жалғыз баспанасынан айырылуы себеп болды. Банк кепілдегі мүлікті алу кезінде оның құнын бірнеше есе төмендеткен.

"Өкінішке қарай, мұндай жағдайға кәсіп ашуға бел буған немесе жай ғана несие алған мыңдаған азамат ұшырайды. Борышкердің көбісі, тіпті, суицидке дейін барады. Бірақ мына оқиғада борышкер басқа адамдарға оқ жаудырды. Бұл халықтың қыруар қарызға батқанын, бұл мәселеге тез арада назар аудару қажеттігін көрсетеді. Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі, осындай дауларға қатысты әділетсіз сот шешімдері, сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің алдын ала сөз байласуы жағдайды одан сайын ушықтырып отыр", - деді мәжілісмен.

Линниктің сөзінше, "Ақ жол" фракциясы 2014 жылдан бері "Жеке тұлға банкроттығы туралы" заң дайындауды ұсынып келеді. Құжат банкротқа ұшыраған азаматтардың баспанасыз қалмауына және отбасын алаңсыз асырауға мүмкіндік береді. Бірақ үкімет заң жобасын қабылдауды үнемі кейінге шегерді.

"Күні кеше көз жұмған адамдар – мыңдаған шағын кәсіпкер мен қарапайым борышкерлер жағдайына немқұрайлы қараудың салдары. Банктің әрекетін түсінуге болады, себебі оның міндеті – ақша табу. Бірақ борышкердің кепілдегі мүлкін тәркілеу кезінде бағалау құнынан ауытқу 10-15 пайыздан аспауы керек деп санаймыз. Осыған байланысты қаржы нарығын реттеу агенттігіне банктер борышкердің тәркіленетін мүлкінің құнын төмендету мүмкіндігін шектеуді ұсынамыз", - деді ол.

Сонымен қатар Линник несие бойынша мөлшерлемені төмендету қажет деп есептейді. Бұл үшін Ұлтттық банктің базалық ставкаға қатысты саясатын қайта қарастырған жөн.

Бұдан бөлек, депутаттар кепілдегі мүлікті сату кезінде банктің лауазымды тұлғалары мен сот орындаушыларының сөз байласуына жол бермеу керектігін жеткізді.

Еске сала кетейік, Алматыдағы қайғылы жайт 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшамауданында болды.

Қалалық полицияның мәліметінше, жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.

Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1933335-almatydagy-atys-deputattar-kredit-molserlemesin-tomendetudi-talap-etti/