RU

Тоқаев Сапарбаевқа атқарған жұмыстары үшін ризашылық білдірді (фото)

Есепті тыңдау сәті
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және Тараз қаласының даму перспективалары туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есебін тыңдады деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Бердібек Сапарбаев президентке биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі бағыттарында дамудың оң қарқыны сақталғанын, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, сауда, байланыс салаларында өсім байқалатынын мәлімдеді. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, өңірде салық түсімдері мен еңбекақы артқан.

Тоқаев пен Сапарбаев
Фото: akorda.kz

Осы мерзім ішінде 372,9 мың шарты метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 232,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Тоқаевқа биыл құны 171 миллиард теңге болатын 31 жобаның жүзеге асырылатыны, сондай-ақ 8 айдың ішінде 78,2 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға 13 жобаның іске қосылғаны жөнінде баяндалды.

Бердібек Сапарбаев
Фото: akorda.kz

Сапарбаевтың айтуынша, "Алқаптан сөреге дейін" жобасын жүзеге асыруға 1 миллиард теңге бөлінген. Өңірде 31 әлеуметтік павильон ашылған. Тағы 12 нысан ашу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің есебін тыңдаған президент өңірді дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді.

"Баяндамаңыз қабылданды. Жалпы бұл облыс қарқынды дамып келе жатыр. Өсім бар. Шешілмеген мәселелер де бар. Онсыз болмайды. Ұсыныстарыңызды қарастырып, мәселелердің оң шешілуін өзім бақылауға аламын.

Келесі жылдың басында облысқа келу жоспарымда бар. Сол кезде нақты мәселелерді пысықтаймыз. Ал вакцина жөнінде айтатын болсақ, Қазақстан дүниежүзіндегі өз вакцинасын ойлап тапқан ең озық мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл Жамбыл облысымен тікелей байланысты. Сондықтан құтты болсын. Атқарып жатқан еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1935338-toqaev-atqargan-zumystary-usin-saparbaevqa-rizasylyq-bildirdi/