Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Азия – біздің ортақ үйіміз": Назарбаев сыртқы істер министрлеріне үндеу жасады

Опубликовано:

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: elbasy.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК) сыртқы істер министрлері кездесуінің қатысушыларына үндеу жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Назарбаевтың үндеуін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин оқып берді.

Назарбаев АӨІСШК жұмыс істеп тұрған жылдары айналамызда көп дүние өзгергенін атап өтті.

"Енді Азия жаһандық үстемдік пен қырғи-қабақ соғыстарға қарама-қарсы адамзаттың ортақ болашағы үшін серіктестік, теңқұқылық және өзара ынтымақтастық қағидаттарын белсенді ілгерілетіп жатқан ғаламшардың маңызды саяси орталығына айналды", - делінген үндеуде.

Елбасының сөзінше, бүгінде Азия экономикалық өсім қарқыны жоғары әлем өңірлері рейтингінде бірінші орын алады.

Сондай-ақ өңір әлі пайдаланылмаған экономикалық, адами және табиғи әлеуетке ие.

"Тек бір ғана дүние өзгерген жоқ және өзгермейді де: Азия – біздің ортақ үйіміз, оның жай-күйіне, ортақ атмосфераға, өзекті мәселелердің шешілуіне құрлық мемлекеттері тікелей жауапты. Өкінішке қарай, АӨІСШК кеңістігінде әлі де шиеленіс ошағы мен тұрақсыздық аймағы, аумақтық даулар мен ядролық қарусыздандыру проблемалары бар", - деді Назарбаев.

Тұңғыш президент АӨІСШК аясында соңғы жылдары атқарылған үлкен жұмыс пен оған қатысатын мемлекеттердің берік саяси ерік-жігері Азияда ортақ қауіпсіздік, сенім мен өзара іс-қимыл кеңістігін құруға мүмкіндік беретініне сенімді.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес жанындағы ғұламалар кеңесінің басшысы лауазымына ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1936677-aziya-bizdin-ortaq-uiimiz-nazarbaev-syrtqy-ister-ministrlerine-undeu-zasady/

pixel