"Ай емес, апта сайын қымбаттауда": Елімізде азық-түлік бағасы шарықтап кетті
Жарияланған күні:
Елімізде азық-түлік бағасы ай емес, апта сайын көтеріліп жатыр. Ал жаңа жылдан бастап жұмыртқаның түйірі 70 теңгеге жетеді деген болжам бар. Себебі, 2022 жылы әр жұмыртқаға 3 теңгеден берілетін субсидия мүлде алынып тасталуы мүмкін деп хабарлайды КТК арнасы.
Қазірдің өзінде бес бірдей ірі құс фабрикасы бар Ақмола облысында 10 дана жұмыртқа 360-тан 550 теңгеге бір-ақ жеткен. Атырау облысында ұн, сұйық май мен қарақұмық бағасы шарықтаған.
Азық-түлік бағасының бұлай тоқтаусыз өсуі инфляцияға да кері әсерін тигізді. Өткен айдың өзінде оның деңгейі 8,9 пайызды құраған.
Атырау облысында да азық-түлік бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Орталық базарда көтерме бағамен сауда жасайтындар отандық өнімдер өте қымбат дейді. Сондықтан олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті Ресейден әкеліп сату тиімді екенін алға тартып отыр.
Ал әкімдіктегілер тек 19 түрлі тағамның бағасын бақылау қолымыздан келеді деп ақталды.
Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеден де жұрт күдер үзген. Айталық, соңғы жарты айда сұйық майдың бағасы 500, ал ұн 600 теңгеге өскен.
"25 келілік, мысалы 4400-ден саттық, бір ай бұрын. Қазір ол 5 мың теңгеден келіп тұр. Неге қымбат десек, қоспалары Еуропадан еуромен келеді дейді. Қазақстанда иөшек шығарылмайды, ол Ресейден әкелінеді", - дейді Атырау қаласының тұрғыны Орынбасар Жанқұтов.
Ақмола облысында да азық-түлік бағасы күн сайын шарықтап барады. Күнделікті қолданылатын жұмыртқаның 10 данасы 360-тан 550 теңгеге бір-ақ жеткен.
Ал Көкшетауда еттің бір келісі 2200-ден 2400 теңгеге жеткен. Сондай-ақ сары май мен сүт өнімдері де тұтынушылардың қалтасын қағып жатыр.
"Күн сайын қымбаттап барады. Мен алатын сүттің литрі бұрын 220 теңге болған. Енді 260 теңге болыпты. Сүт өнімдері ғана емес бәрінің бағасы шетінен шарықтап барады. Қалай күн көреміз? Кір жуатын зат та, тамақ та қымбат. Қиын болып кетті", - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Оксана Скок.
Қымбатшылық мәселесі үкімет отырысында да талқыға алынды. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында баға ырық бермей тұр дейді ұлттық банк төрағасы.
"Ауыл шаруашылығының шикізаты 22,7 пайызға қымбаттады. Биыл қыркүйекте өсімдік майы, дәнді дақылдар, сүт өнімдері мен қант бағасының көтерілуінің нәтижесінде ФАО азық-түлік бағаларының индексі 130-ға дейін қайтып өсті. Бір жыл ішінде ФАО индексі 32,8 пайызға өсті", - дейді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
Аспандап кеткен азық-түлік бағасын бақылауға дәл қазір үкіметтің де қауқары жетер емес. Соның салдарынан қарапайым халық табысының тең жартысын ішіп-жеуге жұмсауға мәжбүр.
Сарапшылар 2022 жылдан бастап жұмыртқаға бөлінетін субсидия тоқтатылады деген болжам айтуда. Егер болжам дәл келсе, жұмыртқамен қоса құс еті де қымбаттайды.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1936816-ai-emes-apta-saiyn-qymbattauda-elimizde-azyq-tulik-bagasy-saryqtap-ketti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.