Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевты орденмен марапаттады (фото)

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов. Фото: Ақорда

Қазақстан мен Түрікменстан делегациялары арасындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Брифингтен кейін Түркіменстан басшысы Тоқаевты "Битараплык" орденімен марапаттады деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Қазақстан президенті әлемде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық серіктестігі достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы екі тараптың қол жеткізген уағдаластықтары туралы айта келе, шекараны құқықтық тұрғыдан шегендеуге бағытталған келісімдердің маңызына тоқталды.

"Бүгін біз бірқатар маңызды құжат қабылдадық. Олардың ішінде Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт, сондай-ақ шекара тәртібі туралы үкіметаралық келісім ерекше орын алады. Осылайша, біз елдеріміз арасындағы құрлықтағы және теңіздегі шекараларды заңды түрде рәсімдеуді аяқтадық. Мұның саяси мәні бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

"Тауар айналымын одан әрі арттыру үшін мол әлеуетіміз бар. Энергетика, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, кәсіпорын және басқа да салаларда айтарлықтай резервіміз бар. Сондықтан біз өзара сауда көлемін едәуір арттыруға бағытталған шаралар топтамасын қабылдауға келістік. Үкіметтерге тауарлардың номенклатурасын кеңейту үшін екі елдің экспорттық әлеуетін жұмылдыру тапсырылды", – деді мемлекет басшысы.

Президент еліміздің металлургия, машина жасау, мұнай-химия, азық-түлік және фармацевтикалық өнеркәсіп, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде, ең алдымен, ұн мен бидай тасымалдау көлемін ұлғайтуға әзір екенін айтты.

Мемлекет басшысы барынша тиімді экономикалық кооперацияны жандандыру үшін үкіметтерге Инвестиция тарту ісін көтермелеу және қорғау жөніндегі келісімге қол қоюды жеделдету тапсырылғанын айтты. Оның айтуынша, газ саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық жаңа перспективаларға жол ашады. Атап айтқанда, Қазақстан түрікмен газының импортын едәуір ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов. Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында бірқатар маңызды бастама көтерді.

"Сауда-экономикалық әлеуетімізді жан-жақты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан жыл сайын өңіраралық форумдар өткізуді ұсынды. Мұндай формат өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осындай жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаятының шекарасында автокөлік жүгі терминалының шекарааралық саудасының арнаулы аймағын құруға болар еді", – деді президент.

Кездесуге қатысушылар көлік-транзит саласындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын талқылады.

"Бұл бағыттағы негізгі міндет – «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» магистралін толық іске қосу. Тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін елдеріміздегі тарифтік саясатты оңтайландырудың және жүк тасымалына қойылатын талаптарды жақсартудың маңызды екені атап өтілді. Каспийдегі Ақтау, Құрық және Түрікменбашы айлақтарының арасындағы логистикалық ықпалдастық бойынша зор мүмкіндік бар", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бағыты бойынша жаңа автожолды іске қосу үшін Қарабұғаз шығанағы арқылы өтетін көпір құрылысына қатысты түрікмен басшысының бастамасын қолдап, перспективасы бар бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға әзір екенін айтты.

Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту – елдеріміз арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді қатынастардың кепілі. Бұл ретте, Мемлекет басшысы екі елдің өзара мәдени күндерін өткізу және жастар арасындағы байланыстарды кеңейту маңызды деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов. Фото: Ақорда

Келіссөздер бағдарламасына өңірлік және жаһандық күн тәртібінің мәселелері де енгізілді.

"Ауғанстандағы жағдайды егжей-тегжейлі талқылап, тағдыр тауқыметін көп тартқан осы елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара тығыз ықпалдастықты жалғастыру қажет екенін айттық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық ауқымдағы тақырыптардың басым бөлігі бойынша екі тараптың ұстанымдары жақын екенін атап өтті.

Қазақстан президенті сөзінің соңында келіссөздердің қорытындылары халықтарымыз арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайта түсетініне, қазақ-түрікмен серіктестігін жаңа стратегиялық биікке көтеру үшін жол ашатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентін келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.

Гурбангулы Бердімұхамедов
Гурбангулы Бердімұхамедов. Фото: Ақорда

Брифингтен кейін Қазақстан президентін «Битараплык» орденімен салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысына Жоғары награданы Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов табыстады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1938851-berdimuxamedov-qasym-zomart-toqaevty-ordenmen-marapattady-foto/